Биыл жаз басталмай жатып судан таршылық көрген ақтаулықтар 40 градус ыстықта сусыз отыру қиынның қиыны дейді. Көпқабатты үйлердің жоғары қабатында тұратындар суды тарту күші әлсіз болғандықтан кей күндері мүлде сусыз қалатынын айтады. Қара суға жарымаған 31, 32 шағын аудан тұрғындары амалдың жоқтығынан суды көшедегі арнайы құрылғылар мен су көлігінен тасып жүр.
Күнде осылай судың берілуі 8.30-да тоқтайды, күні бойы су жоқ болады. Кешкісін су келгенде әртүрлі ыдысқа жинап, құйып аламыз. Сосын судың қызық ащы дәмі бар. Бұл суды ішу мүмкін емес. Біздер ішетін суымызды сатып алып отырмыз. Судың жоқтығынан киімдерімізді де жуа алмай отырмыз, - дейді 32 шағын ауданның Ақтау қаласының тұрғыны Сабира.
Халық бұл мәселені талай айтса да, қолдан келер қайран жоқ. Өйткені, өңірдегі су тұшыту зауыттарында жөндеу жұмысы жүріп жатыр дейді әкімдік өкілдері. Шенділер жұрт енді бір ай шыдаса, суды жоспар бойынша береміз деп сендіреді. Әкімдіктің ресми мәліметіне сүйенсек, қазір Ақтау қаласы үшін тәулігіне 42 мың текше метр су беріліп жатыр. Осыған тағы 7 мың текше метр су қосылса жеткілікті болады деп болжап отыр.
«МАЭК» кәсіпорнының су дайындау қондырғыларында жоспарлы жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Сол жұмыс 15-маусымға дейін жалғасады. 15-маусымнан бастап қосымша 10 мың текше метр су беріледі. Сонымен келесі айда Ақтау қаласының тұрғындарына бір тәулікте 52-53 мың текше метр су беріледі деп келесі күтіп отырмыз, - дейді Ақтау қаласы әкімінің орынбасары Серік Гусман.
Ал өңір бойынша 140 мың текше метрдей су өндіріліп жатыр. Соған қарамастан, Ақтауға іргелес Мұнайлы ауданы да ауыз судың зардабын тартып отыр. Ал бірер күн бұрын монша және көлік жуатын 81 бизнес нысанына су беруді тоқтатамыз деген әкімдіктің шешімін прокуратура қолдамады. Керісінше, кәсіпкерлердің шағымына байланысты әкімдіктің әрекетін заңсыз деп бағалады.
Махаббат Нұржанқызы