Мемлекетімізде сыбайлас жемқорлық деректерін болдырмау және оларды алдын алу жұмысы үздіксіз жүргізіліп келеді. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев: «Сыбайлас жемқорлықтың себебі мен шарттарын жоймай онымен күресу, бұл – жел диірменмен алысу» деген еді. Сондай-ақ, Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев 2020 жылдағы 1 қыркүйектегі жолдауында жемқорлықтың алдын алудағы жұмыстар жүйелі болу керектігін атап өтті.
Осы орайда, елімізде сыбайлас жемқорлық деңгейін төмендету, қоғамда жемқорлыққа қарсы иммунитет қалыптастыру мақсатында жүйелі шаралар қабылданып келеді. 2020 жылы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша айтарлықтай заңнамалық өзгерістер орын алды. Атап айтар болсақ, сыбайлас жемқорлық қылмысы үшін бірінші басшылардың жеке жауапкершілігі енгізілді. Бұдан бөлек, сыбайлас жемқорлық деректері туралы хабарлаған тұлғаларды көтермелеу шаралары қабылданды. Сондай-ақ, мемлекеттік қызметшілер мен олардың отбасы мүшелеріне сыйлық алуға тыйым салынып, сыбайлас жемқорлық субъектілерінің құрамы кеңейтілді. Заңнамалық өзгерістер бойынша квазимемлекеттік секторда сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенс қызметтер институты болады. Комплаенс қызметкерлер жұмыс орнындағы жемқорлық тәуекелдерін анықтап, ішкі бақылауды жүргізеді. Жоғарыда аталған өзгерістер мемлекеттің ізгі қоғам құрудағы жүйелі жұмысы деп білемін.
Бұдан бөлек, Қылмыстық кодекске де өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Енді пара берушілер мен пара алушылар, парақорлыққа делдал болғандар қатаң жазаланатын болады. Жаңа редакцияға сәйкес, жазаның жоғарғы шегі 5 жылдан 7 жылға дейін ұлғайтылды, сәйкесінше, айыппұл көлемі де өсті. Айта кетерлік жайт, соңғы екі жылда Маңғыстау облысында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет департаментімен пара берудің - 32, парақорлыққа делдал болудың - 1, әр түрлі құқыққа қайшы бизнес жұмысына араласудың – 24 дерегі тіркелген.
ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Маңғыстау облысы бойынша департаменті тарапынан да жемқорлықтың алдын алу жұмыстары үнемі жүйелі жүргізіліп келеді. Ашықтықты қамтамасыз ету және сыбайлас жемқорлықты болдырмау мақсатында Агенттіктің «Ашық бюджеттердің интерактивті картасы» деп аталатын жоба бар. Бұл жоба арқылы тұрғындар мектеп, жол, балабақша құрылыстары сияқты жобаларға бөлінген қаржы көлемін бақылай алады. Азаматтар publicbudget.kz сайтында ақша қаражатын бақылаумен қатар, арыз-шағымдарын, өтініштерін қалдыруға болады. Қазіргі кезде жобаның тиімділігі мен маңыздылығын халыққа түсіндіру мақсатында «Ашық бюджет» клубы құрылған. Бүгінде облыс көлемінде 635 мемлекеттік мекеме - жалпы саны 1621 бюджет орналастырды. Онда жол, балабақша, мектеп, аурухана мен жергілікті атқарушы органдардың бюджеті көрсетілген. «Ашық бюджеттердің интерактивті картасы» жобасында жарияланған бюджеттің көлемі 428,2 млрд. теңгені құрайды.
Айта кету керек, «Бизнес пен инвестицияларды қорғау» жобасы шеңберінде өңірге инвестиция салып, кәсібін жүргізуді бастаған әрбір инвесторға сыбайлас жемқорлыққа қарсы сүйемелдеу бойынша қолдау көрсетіліп келеді. Бүгінде облыс бойынша 23 инвестормен жалпы сомасы 1 трлн. теңгеден асатын жобаға қол қойылған. Осылайша, инвесторларға бизнестерін жүйелі әрі кедергісіз жүргізуге көмектесіп отырмыз.
Президент тапсырмасына сәйкес, ашықтық пен қолжетімділікті қамтамасыз ету мақсатында облыстағы қала мен аудандарда 7 сервистік әкімдік «бір терезе» қағидасы бойынша халыққа ашық қызмет көрсетіліп келеді. Бұл қадам – тұрмыстық жемқорлықты жойып, ел тұрғындарының қолжетімді қызмет алуына үлкен мүмкіндік береді. Бүгінде, облыстағы қала мен аудандардағы сервистік әкімдіктерде халыққа 45 мыңға жуық мемлекеттік қызмет көрсетіліп, кеңес берілді. Бұдан бөлек, біздің Департамент мамандары мен жобалық кеңсе менеджерлері жол сапасына, дәрі-дәрмек және азық-түліктің шекті бағаларына, пандемияға байланысты өңірге келген гуманитарлық көмекті қабылдау жұмыстарына бақылау жүргізіп келеді. Мониторинг нәтижесінде анықталған кемшіліктерді жою үшін тиісті орындарға хат жолданып, алдын алу шаралары жүргізілуде.
Айта кету керек, өткен жылдан бері тұрғындарға құқықтық кеңес беру мақсатында «Antikor» алаңында «Адал көмек» жобасы шеңберінде 200-ден аса тікелей эфир өткізілді. Онда заңгерлер мен адвокаттар, сала мамандары тұрғындарға кеңес беріп, заң тұрғысынан әрекет ету жолдарын көрсетті. Ал ақпараттандыру мақсатында «Antikor.Live» жобасы шеңберінде облыстағы атқарылған жұмыстар жөнінде түсіндірмелер берілді. Департаменттің ұйымдастыруымен және қолдауымен өткен шаралар БАҚ беттерінде тұрақты түрде жарияланып келеді.
Соңғы екі жылда Маңғыстау облысы бойынша тіркелген сыбайлас жемқорлық қылмыстары 116-дан 68-ге азайды. Ал Transparency International ұйымының мәліметіне сәйкес, Қазақстан сыбайлас жемқорлықты қабылдау индексі бойынша әлемдік рейтингте алғаш рет 94-орынды иеленді. Сондай-ақ, мемлекеттің сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатына сенім білдірген азаматтардың үлесі де артуда. Бұл, мемлекеттің қызмет көрсетуді цифрландыру мен ашықтықты қамтамасыз етудің арқасында қол жеткізген нәтижелер деп білемін.
БОЛАТ ЖЫЛҚЫБАЕВ,
ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Маңғыстау облысы бойынша департаментінің басшысы