Маңғыстауда мұнай-газ компанияларының жабдықтары мен бөлшектерін жасайтын зауыттың жұмысшылары бес айдан бері жалақыларын ала алмай жүр, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Ақтау машина жасау зауытының 208 қызметкері жалақыларын алмағалы бес айдың жүзі болған. Осы уақыт бойы несиелері төленбей, таныстарынан қарыз алып күнелтіп келген. Бұрын бір-екі ай ғана кешігетін жалақы енді тіпті сағым болып барады, дейді олар. Шыдамы таусылған бір топ жұмысшы «бұдан әрі айлықсыз жұмыс істемейміз, деп отыр .
Былтыр қарашадан бері жалақы алған жоқпыз. Бір жарым жылдан бері жалақымыздан зейнетақы қорына ақша ұсталады, бірақ БЗЖҚ-ға түспеген. Ақшамыз қайда кетіп жатыр? Медициналық сақтандыру қорына да ақша ұсталып жатыр. Ол да қорға түспегендіктен дәрігерге барып емделе алмаймыз, - дейді жұмысшы Жанар Көкшебаева.
Прокуратураға шағымдандық, ешқандай шешім жоқ. Несиеміз, бала-шағамыз бар. Бұлай жүре бермейміз ғой, - дейді жұмысшы Ермек Сүлейменов.
Жұмысшылардың айтуынша, 7 жылдан бері жұмыс істеп тұрған зауыт қаржылық қиындыққа жиі тап болады екен. Ал кәсіпорын басшылығы соңғы уақыттағы еңбекақының берілмегенін пендемияның салдарынан деп түсіндерді. Айтуынша, карантинде тапсырыс беруші компаниялардың 85%-ы жұмысын тоқтатқан.
Бүгін құжаттарды тапсырдым. Жалақыны бүгін немесе ертең, ең ұзақ дегенде дүйсенбі күні берем, - дейді «Ақтау машина жасау зауыты» ЖШС директоры Амангелді Тынышимов.
Зауыт мұнай-газ өндірісіне қажетті жабдықтар мен қосалқы бөлшектер дайындайтын зауыт тауарды Ресейден алады екен.
«Биыл тауар құны 48 пайызға дейін өсіп, былтыр бекітілген бюджет шығынды ақтамай отыр» дейді зауыт басшылығы.
Махаббат Нұржанқызы