Маңғыстауда «Nur Otan» партиясының сайлауалды бағдарламасын іске асырудың Жол картасы жобасы талқыланды.
Партия Төрағасы, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы биыл 14 қаңтардағы «Nur Otan» партиясы парламенттік Фракциясының отырысында сайлауалды бағдарламаны жүзеге асырудың жол картасын әзірлеуді тапсырған болатын. Осы орайда облыстық, қалалық және 5 аудандық жол картасы жобасына 150 іс-шара енгізіліп, 20 нысаналы индикатор белгіленген. Әрбір жылға нақты көрсеткіштері бар тиісті «Өзгерістер жолы: әр азаматқа лайықты өмір!» сайлауалды бағдарламасын жүзеге асыруға арналған жол картасын нұротандық депутаттар облыстық мәслихаттағы фракция отырысында талқылап, пысықтады.
Фракция отырысын ашып жүргізген партияның облыстық филиалы төрағасы, облыс әкімі Серікбай Трұмов партияның сайлауалды бағдарламасын орындау жөніндегі 2021-2025 жылдарға арналған Жол картасы жобасында тұрғындарды алаңдатқан мәселелер қамтылғанын атап өтті.
«Nur Otan» партиясының Маңғыстау облысы бойынша сайлауалды бағдарламасының басты мақсаты – халықтың өмір сүру сапасы мен әл-ауқатын жақсартуға бағытталған маңызды жобаларды жүзеге асыру. Осыған байланысты облыстың сайлауалды бағдарламасында өңірді дамытудың 7 басым бағыты қарастырылды.
Олар: экономикалық тұрақты аймақ, жайлы аймақ, әлеуметтік бағытталған аймақ, жастарға арналған аймақ, мәдениеті мен тарихы бай аймақ, ашық және есеп беретін жергілікті органдар, қауіпсіз аймақ. Жалпы алдағы перспективада өңір экономикасын дамытуда негізгі екпін өңдеу өнеркәсібі, көлік пен логистикаға, агроөнеркәсіптік кешен мен туризмге, тау-кен өнеркәсібіне берілетін болады. Жол картасын іске асыру арқылы алдымен жұмыс орындарын сақтау және жаңа жұмыс орындарын құру арқылы халықты жұмыспен қамтуды арттыру шаралары басты назарға қойылды. Жалпы жылына «Еңбек» бағдарламасымен 330 жобаға мемлекеттік қолдау көрсету, «Бизнестің жол картасы – 2025» бағдарламасы аясында 300 кәсіпкерлік субъектісіне қолдау, бизнес негіздеріне 2,5 мың адамды оқыту қарастырылған, – деді Серікбай Өтелгенұлы.