Ақтаулық кәсіпкер Саламат Байсырымов жергілікті халықтың 30%-ын жаңа піскен өніммен қамтып отыр. Ол алдағы уақытта күніне 5 мың тоннаға дейін қияр өсіруді жоспарлап отыр. Бұл туралы Ақтау қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Аумағы 2 гектарды алатын жылыжай биыл алғашқы өнімін алып бастады. Наурыз айында жылыжайдағы қияр көшеттері толық өсіп жетілген кезде күніне 3 000 кг дейін өнім алынады.
«1 гектар жерге 23 мың түп қияр егілген. Мамандар тамшылата суару әдісін қолданады. Қысы-жазы 17, 20 градус жылы температура сақталады. Жылыжайда ТМД елдеріне кең тараған қиярдың «Кураж», «Мамлюк» тұқымы егіледі. Тұқым себілгеннен кейін, қыста 50 күнде, жазда 40 күнде алғашқы өнім шығады. Алдағы уақытта 5 мың тонна өндірсек деген жоспарда бар. Көтерме бағамен «Мағаш» базарында, қаладағы 5-6 дүкенде, «Асар-с» базарында өнімдеріміз сатылады» , -дейді кәсіпкер Саламат Байсырымов.
Жаңа жоба аясында 15 тұрғын тұрақты жұмыспен қамтылды.