Бүгін облыс әкімі Серікбай Трұмовтың қатысуымен 6 сайланған облыстық мәслихаттың кезекті отыз тоғызыншы сессиясы өтті. Облыстық мәслихат депутаттарының басын қосқан жиында 2021-2023 жылдарға арналған облыстық бюджет, Маңғыстау облысының Құрмет грамотасымен марапаттау туралы, жергiлiктi маңызы бар ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды пайдаланғаны үшін төлемақы мөлшерлемелері бойынша, облыстық мәслихаттың 2021 жылға арналған жұмыс жоспары және тағы басқа да мәселелер қозғалды. Бұл туралы облыс әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Жиында алдымен 2021 - 2023 жылдарға арналған облыстық бюджет аудан, қалаларға тиісінше бекітіліп, бюджеттік алымдар қаралды. Содан кейін, Маңғыстау облысы экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Марина Альбекова Кендірлі селосын құру бойынша баяндама жасады.
Жаңадан құрылатын «Кендірлі» ауылы «Рахат» ауылын бөлу арқылы ашылмақ. Рахат ауылының қалыптасқан жағдайының қарқыны - жаңа бағдарлық даму бағыттарын анықтауды қажет етеді. Мақсаты – берілетін жерлерді «Кендірлі» туристік аумағын дамыту. «Кендірлі» демалыс аймағы Қарақия ауданның орталығынан 100-130 шақырым шалғай орналасқан. Қазіргі кезде инвесторларды тартуға барынша жағдай жасалу қажет. Бөлудің нәтижесінде «Рахат» селосының аумағында «Ақсу», «Мерей» және «Рахат» қалады, жаңа құрылатын ауылға «Жұлдыз» шағынауданы және Қарақия ауданы аумағының 616 мың. га жері қосылады.
Жаңадан құрылатын «Кендірлі» аумағына 618 мың га жер кіретін болады.Сонымен қатар, құрылатын ауылға әртүрлі әлеуметтік нысандар пайда болады. Олар: 2 орта мектеп, 1 мемлекеттік балабақша, және 52 кәсіпкерлік нысандар. Аталған нысандарда 800 адам жұмыспен қамтамасыз етіледі. Жер телімдердің болуы - кәсіпкерлік белсенділігін арттыруға, тұрғындардың қоныс аударуға мүмкіндік береді, жалпы жаңа аумақты дамытуға қызығушылықтың артуына жол ашады.
Сонымен қатар, мемлекеттік органдарың аппаратының жүктемесін азайту арқылы халыққа көрсетілетін мемлекеттік және коммуналдық саладағы қызметтердің сапасы артпақ. Маңызды бағыттардың тағы бірі – шағын және орта бизнес. Оның ішінде ауыл шаруашылығын, туризмді, құрылыс саласын және басқа да салаларды дамытуға жол ашылмақ. Қолданыстағы мемлекеттік бағдарламалардың механизмдерін пайдалану арқылы инженерлік инфрақұрылым дамытылады. Нәтижесінде, бұның барлығы, өз кезегінде, жаңа жұмыс орындарын ашу және ауыл тұрғындарының өмір сапасын жақсарту мен қолайлы жағдайлар жасауға жол ашады.
«Кендірлі» ауылын құру мәселесі Рахат ауылының тұрғындарымен өткізілген жергілікті қоғамдастықтың жиналысында қолдау тапты, қажетті нормативті-құқықтық рәсімдер толығымен өткізілді.