Маңғыстау ауданы Шетпе ауылында аудандық мәслихат депутаттығына кандидат Талғат Ерманов пен Амалбек Байжан «Мейірбике» бастауыш партия ұйымы мүшелерімен кездесу ұйымдастырды. Кездесуге сондай-ақ аудандық сайлауалды штаб мүшелері: Қуантқан Исаев, Тұрым Қалдығұлов, Түймеш Абдулаева, Айбарша Ордабаева қатысты.
Күн тәртібінде «Nur Otan» партиясының сайлауалды бағдарламасы, Маңғыстау ауданын дамытудың 7 басым бағыты қарастырылып, ауданның әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсарту жұмыстары, бүгінгі таңда жұмыс бағытындағы оң өзгерістер айтылды. Оған қоса аудан халқының осы уақытқа дейін көтеріп келе жатқан мәселелерінің нәтижелі орындалып жатқаны сөз етілді.
«Nur Otan» партиясының Маңғыстау ауданын дамытудың 7 басым бағыты өңірдің нақты проблемаларының шешімін көрсетіп, даму бағытын айқындайды. Халықтың өмір сүру сапасы мен әл-ауқатын жақсартады. Нақты тоқталып өтсек: экономикалық тұрақты, жайлы, әлеуметтік бағдарланған, жастарға арналған, мәдениеті мен тарихы бай, ашық және есеп беретін жергілікті билігі бар қауіпсіз аудан.
Маңғыстау ауданы – облыс бойынша ең көп ауылдық елдімекендердің шоғырланған нүктесі. Оған қоса тау-кен өндіру өнеркәсібі және карьерлерді қазу кәсіпорындары өндіріс көлемінің 64% құрайды. «Nur Otan» партиясы 2021 жылдан бастап 4 жыл ішінде 2000 жуық жұмыс орнын құратын 7 инвестициялық жобаны іске асыруға ықпал етпек. Сонымен қатар Минералды су шығаратын цех, көкөніс сақтайтын қойма, жылыжайлар, түйе сүтінен ұнтақ сүт жасайтын кәсіпорын, темір-бетон өнімін өндіретін зауыт, шаруа қожалықтарын жандардыру, өнімдерді өткізу бойынша жұмыстарға да өз септігін тигізеді.
7 басым бағытта кәсіпкерлерге қолдау көрсету, жолдың сапасын жақсарту, тұрғын үйге қолжетімділікті арттыру, медициналық қызмет көрсету, білім беру саласының сапасын жақсарту, бұқаралық спортты дамыту т.б. мәселелері қамтылған.
Кездесуде нақты атқарылатын жұмыстар легі таныстырылғаннан кейін қатысушылар тарапынан сұрақтар қойылып, ұсыныс-пікірлер айтылып, кандидаттарға алдағы жұмыстарына сәттілік тіледі. «Nur Otan» партиясы Маңғыстау аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары, аудандық штаб мүшесі Айбарша Ордабаева: «Бізді әрбір тұрғынның өмір сүру деңгейін арттыруға бағытталған ортақ мақсат біріктіреді. Кез келген қиындықты еңсеріп, жеңіске бірге жетеміз!» - деп бүгінгі күннің батырлары-денсаулық сақтау саласының барша қызметкерлеріне абыройлы еңбек, отбасыларына амандық тіледі.
Жалпы ақпараттық үгіт-насихат жұмыстарының алғашқы күні Маңғыстау облысына қарасты қала, аудан, ауылдарда түрлі іс-шаралар ұйымдастырылды. Атап айтар болсақ, Мәжіліс және облыстық мәслихат депутаттығына кандидаттардың «Үйден үйге» үгіт насихаттық жұмыстары, әлеуметтік желілерде тікелей эфир, денсаулық, әлеуметтік сала мамандары, сауда және ойын-сауық орталықтарының қызметкерлерімен кездесулер өтті.
Мәжіліс депутаттығына кандидат Еділ Жаңбыршин «Есіктен есікке» акция аясында сайлаушылардың үйіне барды. Сонымен қатар, денсаулық сақтау және әлеуметтік қызметтер өкілдерімен үгіт-насихат кездесуін өткізді. Әлеуметтік желілерде Еділ Терекбайұлының қатысуымен «Үміткерге сұрақ қой» тікелей эфирі болды.
Мәжіліс депутаттығына үміткер Самат Мусабаев «Қайнар» бастауыш партия ұйымы мүшелерімен кездесті. Сенімді өкілдері «Есіктен есікке» үгіт-акциясын жүргізді.
Мәжіліс депутаттығына кандидат Оспан Қазақбаев «Ақтау» сауда және ойын-сауық орталығында жедел түрде кездесу ұйымдастырды.
Мүгедектерді жұмыспен қамту мәселелерін талқылауға арналған дөңгелек үстел өткізілді. Партияның үгіт насихат жұмыстары «Jas Otan» ЖҚ-ның «Қазақстанға дауыс бер!» партиялық челленджімен жалғасын тапты.
«Nur Otan» партиясының Маңғыстау облыстық сайлау қорынан төленді