Маңғыстау облысында 231 сайлау учаскесі жұмыс істейді. Бұл туралы Маңғыстау облысы сайлау комиссиясының төрағасы Асқар Рзаханов мәлім етті.
Оның айтуынша, өңірде сайлау ұйымдастыруды және өткiзудi қамтамасыз ететін 1 облыстық, 2 қалалық, 5 аудандық, барлығы - 8 аумақтық сайлау комиссиялары қызмет атқаруда.
«Сонымен қатар, Ақтау қаласы бойынша -78, Жаңаөзен қаласы бойынша -37, Бейнеу ауданы бойынша -28, Қарақия ауданы бойынша – 16, Маңғыстау ауданы бойынша – 22, Мұнайлы ауданы бойынша – 36, Түпқараған ауданы бойынша – 14, барлығы 231 учаскелік сайлау комиссия бар. Бұл комиссиялардың жұмыстарын жүргізу үшін барлығы 1625 комиссия мүшесі тартылған», - деді Асқар Рзаханов.
Жыл басынан Ақтау қаласы бойынша жаңадан ашылған шағын аудандардағы салынған үйлерге қоныс аударушылардың қоныстануы себепті сайлаушылар саны артып, жаңа 4 сайлау учаскесі, Жаңаөзен қаласы бойынша сайлау учаскелерінің шекараларының заңнамаларға сәйкестігіне мониторинг қорытындысы бойынша сайлаушылардың саны шектік деңгейге жеткен Қызылсай және Рахат ауылдарынан қосымша 2 сайлау учаскесі, Мұнайлы ауданында Басқұдық ауылдық округінде сайлаушылар саны көбейіп кетуіне байланысты 1 сайлау учаскесі және Түпқараған ауданы бойынша Сайын Шапағатов ауылдық округінің халқының саны 3000-нан асып кетуіне байланысты қосымша тағы 1 сайлау учаскесі, барлығы – 8 жаңа сайлау учаскелері ашылды.
Биылғы сайлау науқанына дайындық бекітілген күнтізбелік жоспардың аясында жүргізілуде. 4 желтоқсан күні партиялардың тізімін ұсыну және 10 желтоқсан күні сағат 18.00-де тіркеу аяқталды. Заң аясында осы тіркелген партияларға үгіт-насихат жұмыстарын бастауға рұқсат етілген.
Заң талаптары бойынша партиялар тізімі бекітіліп, ұсынылып және тіркеуден өтті. 4 саяси партияның облыстық, қалалық және аудандық мәслихаттарға үміткерлердің 28 тізімі ұсынылды:
- «Нұр Отан» саяси партиясынан - 244 кандидат;
- «Ауыл» саяси партиясынан -13 кандидат;
- «Ақ жол» саяси партиясынан - 40 кандидат;
- «Адал» саяси партиясынан - 22 кандидат;
Барлығы – 319 кандидат тіркелді.
Облыстық мәслихатқа 4 саяси партиядан - 66 кандидат, 2 қалалық мәслихатқа 3 партиядан – 72 кандидат және аудандық мәслихаттарға – 181 кандидат тіркелді. Партия тізімінде әйелдер мен 29 жасқа толмаған жас азаматтардың саны – 131 адам, 30 пайыздық квота сақталынды.
Барлық азаматтар жөнінде тиісті мемлекеттік органдардан анықтамалар алынды.
«Тіркеу барысында 4 азамат өздерінің өтініштері бойынша алынып тасталды. Сайлау науқаны аясында облыстық сайлау комиссиясында 3 рет саяси партиялардың облыстық филиалдары басшыларымен отырыс өткізілді. Саяси партиялардың келісімімен 24 желтоқсан күні облыстық сайлау комиссиясы және облыстық ішкі саясат басқармасымен бірлесіп, облыстық «Маңғыстау» телеарнасында пікірсайыс (дебат) өткізу жоспарлануда», - деді Асқар Рзаханов.
Саяси партиялардың сенім білдірген адамдарын тіркеу бойынша бүгінгі таңда 5 саяси партиядан, атап айтқанда:
- «Нұр Отан» саяси партиясынан – 152;
- «Ауыл» саяси партиясынан - 25 ;
- «Ақ жол» саяси партиясынан - 27
- «Адал» саяси партиясынан - 8 және
- «Қазақстанның халық партиясынан» - 8 сенімді өкілдер тіркеліп, куәліктерін алды.