© (с)
Соңғы жылдары машина жасау ісі еліміздегі индустриялық бағыттың біріне айналды. Ауыр және жеңіл көліктерді құрастырып шығару екімыңыншы жылдардың басынан бері уақытпен бірге даму үстінде. Негізінен отандық машина өнеркәсібінің бастауында 2003 жылы қолға алынған «Нива» автокөлігі тұрғаны көпшілікке белгілі.
Осыдан кейін машина жасау ісі елімізде түрлі бағытта қанатын кеңге жайып, өндіріс көлемі қарқын ала түсті. Бұған дейін Қазақстанда автоиндустрия туралы тіптен сөз қозғалмайтын. Алайда ел Үкіметінің нақты бағдарламасынан кейін көлік құрастыру ісі ел экономикасының айтарлықтай бөлшегіне айналды.
Отандық машина жасау саласы қалай қалыптасты?
Бұл туралы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев машина жасау саласын кешенді жаңғырту мен оны халықаралық деңгейге шығару елімізді əлемнің озық 30 мемлекетінің қатарына қосылуға айтарлықтай ықпал ететінін атап өткен болатын. «Машина жасау Қазақстанның индустриалды дамуының қозғаушы күшіне айналуы тиіс, сондықтан да мемлекеттің бұл саладағы басты мəселелерге деген қолдауы орасан зор» деген еді.
Сондай-ақ, «Бес институционалдық реформаны жүзеге асыру жөніндегі 100 нақты қадам» Ұлт жоспарының 55-қадамында Елбасымыз экспорттық өнімдерді өндіру жəне Қазақстанның халықаралық нарыққа шығуы үшін қайта өңдеу секторында трансұлттық компанияларды тарту бойынша айқын тапсырмалар жүктеген-тін.
Жалпы, ең алғаш қазақстандық көлік құрастыру саласы Өскеменнен бастау алады. Онда құрастырылған алғашқы жол талғамайтын «Нива» автокөлігі Нұр-Сұлтан қаласында Тұңғыш Президент мұражайына қойылып, тарих беттеріне алтын әріптермен жазылды. Алғашқы отандық өндіріс көлемі бірден үлкен көлемді иеленді дей алмаймыз. Арада он жыл уақыт өткенде оның саны бірнеше мыңнан асып, негізгі бөлігі импорттың сұранысына ие болды. Осылайша машина құрастыру саласын дамытуға айрықша көңіл бөлініп, 2016 жылы отандық автокөліктердің нарықтағы үлесі 26%-ға жетті. Бұл бұрын-соңды болмаған ірі көрсеткішке баланып отыр.
Жеңіл көлік өнеркәсібіне айрықша көңіл бөлінуде
Елімізде жыл сайын көлік шығару көлемі еселеп артып келеді. Мәселен, биыл жыл басынан бері 50 мыңға жуық көлік құрастырылып, нарыққа шығарылды. Бұл былтырғы көрсеткіштен әлдеқайда жоғары. Айта кетерлігі, біздің еліміз жеңіл көліктерді шығару бірінші орында тұр. Одан кейін жүк техникалары болса, соңғы орындарда ауыл шаруашылының сұранысын өтеу үшін арнайы техникаларды құрастыру жолға қойылған.
Нақты деректер бойынша бірінші орында Қостанайдағы автозауыт көш басында келеді. Зауыт жыл басынан бері 25 мыңнан астам көлікті жинап, саудаға шығарған. Ал талай жылдан бері еліміздің шығысында көлік құрастырудың дәстүрін қалыптастырған «АзияАвто» 20 мыңға жуық жеңіл көлікті автонарыққа шығарды.
Бұдан өзге Hyundai Trans Kazakhstan, СемАЗ, «КАМАЗ Инжиниринг», Daewoo Bus Kazakhstan сынды іргелі өнеркәсіп орында отандық машина жасау саласына сүбелі үлес қосып келеді. Бұл зауыттар құрастырған техникалар еліміздегі көлік сұранысын барынша қамтамасыз етуде. Сонымен қатар, елімізде жасалған көліктер шетелге экспорттала бастады. Бұл дегеніміз “Қазақстанда жасалған” көліктердің тиімді бағасынан бөлек, оның сапасына берілген баға десе артық болмас.
Автонесиелеу отандық көлік құрастыруға көрсетілген зор қолдау
Қуантатыны, нарыққа шыққан жеңіл көліктерді сатып алушылар қатары көп. Тіпті, көршілес Ресейге экспортталатын Chevrolet автокөліктерін мақтанышпен атауға негіз бар. Машина жасаумен қатар, оны сату да көптеген жұмыстарды қажет етеді. Отандық көліктерден гөрі ескілеу көлік алуды жөн көретіндер де баршылық. Алайда, жеңілдетілген яғни жылына 4%пайызбен автонесие беру отандық көлікке деген қажеттілікті арттырды. Сонымен қатар, сатып алушының да судай жаңа әрі елімізде жасалған автокөлікті тізгіндеуіне мүмкіндік мол.
Осыдан кейін Үкімет қосылған құн салығына қатысты преференциялар, кәдеге жарату алымын енгізу, жеңілдікпен несие беру және лизинг бағдарламасын әзірлеу, өнім экспортын қолдау шаралары секілді саланы ынталандыру шараларын енгізді. Осының арқасында отандық көліктерді жеңілдетілген автонесиемен сату болашақ көлік иелері үшін жасалған оң жағдай болды. Бұл көліктерді кімдер ала алады? Еліміздегі автосалондарда сатылымда тұрған отандық көліктерді таңдап, банк арқылы өтініш бергеннен кейін белгілі мерзім аралығында қанағаттандырылып, жаңа иесіне жол тартады. Биыл жыл ортасына дейін сәтті жүзеге асқан автонесиелеу бағдарламасы еліміздің азаматтары үшін тиімді болғаны даусыз. Әрі отандық көлік жасауға зор қолдау ретінде жүзеге асқан бұл бағдарлама одан әрі жалғасын таба береді деп үміттенеміз.
Машина құрастырудың тиімділігі неде?
Қазіргі уақытта машина жасау саласы Қазақстанда екпін алып, дамып келе жатқан бағыттардың бірі. Мемлекеттік бағдарлама ретінде іске асырылып жатқан өнеркәсіптік бағыт соңғы он жылда инвестицияланып, оң мүмкіндіктерге жол ашты. Отандық көлік өнеркәсібін қалыптастырумен қатар, жаңа жұмыс орындарының ашылуына септігін тигізді. Мәселен, бүгінгі күнге дейін 15 мыңға жуық жаңа жұмыс орындарының ашылғаны осы сөзімізге дәлел бола алады.
Бұл күнде машина жасау кәсіпорындары өнімнің барлық түрлерін шығаруды игеріп отыр. Оның ішінде жинақтаушы және қосалқы бөлшектерден жоғары дәлдікті техниканы құрастыруға дейінгі аралықта бірқатар салаларды арнайы техникамен қамтамасыз етуде. Мәселен, Қазақстандағы өндірістік салалар – мұнай-газ өнеркәсібі, металлургия және агроөнеркәсіп сынды еліміздің экономикасының негізгі салаларына қамтып отырғаны қуантады.
Машина жасауда енді ғана қалыптасқан Қазақстанды әлемдік нарық жүз елуден астам автокөлік түрін шығарушы ел ретінде біледі. Сонымен бірге, «Қазақстан жасалған» деген атаумен жиырмадан астам әлемдік брендке баланатын автокөліктер жиналады. Міне, осылайша отандық көліктер еліміздегі автонарықтың сұранысына ие болып отыр.
Мәдина Керімқұлова