Бүгін Маңғыстау облысының әкімі С.Трұмов «AQTAU TV» телеарнасына барды. Өңір басшысы жаңа медиа орталықтың ұжымымен кездесіп, жұмысымен танысты. Телеарна директоры Әнуарбек Бимағамбет тележобалар және алдағы жоспарлары туралы баяндады. Аймақтағы телевизия саласының ардагері Қожахмет Демеубергенұлы жаңа ұжымға сәттілік тілеп, батасын берді. Бұл туралы облыс әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.
«AQTAU TV» телекомпаниясы – «CASPIAN MEDIA SERVICE» ЖШС құрамындағы жекеменшік жаңа медиақұрылым. Телеарна 2019 жылы 18 қазан айында эфирге қосылды. Цифрлы телевизизиялық тарату жүйесі арқылы облыстың 70 %-ына хабар таратады. Соның ішінде, Ақтау қаласы мен оның маңайындағы елді мекендерді,Түпқараған ауданының Ақшұқыр, Сайын ауылдарын және Мұнайлы ауданын тұтас қамтиды.
Телеарнаның тарату кестесіне сәйкес үздіксіз эфир уақыты – тәулігіне 19 сағат. Мемлекеттік тілде: 79 %. Телеөнімнің 90 % ұжымның өз шығармашылық өндірісінің үлесіне тиеді.
Тақырыптық контент: ақпараттық, ақпараттық-сараптамалық, қоғамдық-саяси, мәдени-әлеуметтік, әдебиет пен өнер, ғылым мен білім, бизнес және жарнамалық, туризм және спорттық бағдарламалар. Телеарнада 23 қызметкер жұмыс істейді. Редакциясы Ақтау қаласында орналасқан.