Ақтауда "MAŃǴYSTAÝ" телеарнасының 50 жылдық мерейтойы салтанатты түрде ұйымдастырылды. Шараға Маңғыстау облысының әкімі Серікбай Трұмов, телеарна ардагерлері, зиялы қауым өкілдері мен қоғам қайраткерлері қатысты. Бұл туралы облыс әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Мереке телеарна қызметкерлерінің құрметіне қойылған ескерткіштің ашылу салтанатынан басталды. Бұл мемориал арна қызметкерлерінің ауыр еңбегін бейнелейді. Олардың таланты мен кәсіби біліктілігі аймақтың саяси, экономикалық және мәдени өмірін объективті түрде көрсетуге, қоғамдық пікір қалыптастыруға көмектеседі.
«Маңғыстау» телеарнасы - осы күнге дейін облыста мемлекеттің ақпараттық саясатын жүзеге асырып келе жатқан бірден-бір электронды медиаресурс. Тұрғындар тарапынан туындайтын мәселелерді жергілікті атқарушы органдарға тиісінше жеткізеді.
С. Трұмов телеарна ардагерлерімен кездесті. Олардың ішінде: Жоламан Бошалақ, Қожа – Ахмет Демеуберген, Есберген Іңірбайұлы, Ағлен Таласбаева, Меруерт Сисекенова және басқалары бар. Олар бүгінгі медия саласының мамандарына бар білгендерін үйретіп, телеарна тарихына өлшеусіз үлес қосты.
"MAŃǴYSTAÝ" телеарнасының мерейтойына арналған мерекелік шара өңірде түсірілген алғашқы "Тұмар" телесериалының, сондай-ақ ауқымды "Мың бояулы Маңғыстау" экспедициялық жобасының тұсаукесерімен жалғасты. Облыс әкімі құттықтау сөзінде телеарна әрбір азаматтың өмірінде маңызды рөл атқаратынын атап өтті.
«Телевизия бұл - идеология құралы. Әсіресе, тәуелсіздік алған 30 жылдан бері отандық бұқаралық ақпарат құралдарының атқарған еңбегі орасан. Әсіресе қазіргідей жаһандану кезінде ұлттық өнерді дәріптеп, руханиятты насихаттап, әдебиет пен мәдениетті дамытуға айтарлықтай үлес қосып келеді. Ауылдағы қарапайым еңбек адамын насихаттап жүрген де журналистер. Шалғайдағы ағайынның тұрмыс-тірлішігін көрсетіп, бұқараның мұң-мұқтажын билікке жеткізудегі тілшілердің табандылығын айтпасқа болмайды. «Айтылған сөз – атылған оқ». Бұл тілші қауымының жауапкершілігін, қоғам алдындағы міндетін көрсетеді. Қазіргідей алмағайып уақытта журналистердің алдында шынайы әрі нақты ақпарат таратудан бөлек, елді бірлікке, қоғамды ізгілікке шақырып, адамгершілік құндылықтарын қалыптастыру жолында еңбек ету миссиясы тұр» - деді облыс әкімі.
Телеарнаның бірқатар қызметкерлері Маңғыстау облысы әкімінің Құрмет грамоталарымен және алғыс хаттармен марапатталды. Сонымен қатар, «Тұмар» сериалының түсірілім тобының еңбегі атап өтілді. "MAŃǴYSTAÝ" телеарнасының 50 жылдығына орай шығарылған естелік төсбелгімен арнаның барлық ардагерлері, оның ішінде телерадио хабарларын таратудың үздігі, Қазақстан Республикасының құрметті журналисі Жоламан Бошалақ марапатталды.