Маңғыстау облысындағы «MKS logistics» ЖШС-нің жұмысшылары үш айдан бері жалақыларын ала алмай келеді, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Басты тапсырыс беруші «Emir Oil» компаниясы міндетті қаражатты төлемей отырғандықтан мұнай тасымалдаушы компанияның қызметкерлері нәпақасыз отыр. Қазір «Emir Oil-дың» тасымалдаушы серіктестік алдындағы қарызы 300 миллион теңгеден асып тұр.
«Emir Oil» мекемесінің ақша бермеуінен айлық алмағанымызға 3-4 ай болды. Бәрінің несиесі, отбасы бар. Жұмысымыз қиындап барады. Біздің жағдайды түсініп, біздің ақшамызды берсе екен, - дейді жұмысшы Нұрлыбек Орынбетов.
Біз «Emir Oil» компаниясы алаяқтық әрекеттермен айналысып отыр деп санаймыз. Жұмыстарының бәрін толық орындатып, бізге тиісті ақымызды төлемеді. Қазір түрлі сылтау айтып, мүлдем басқа компанияны жалдай бастады. Ертең оларды да біз сияқты қинауы мүмкін. Мәселені тездетіп шешпесе болмайды. Осының салдарынан біз техникаларымызды сатуға шығардық. Жұмысшылардың өзіне 20 миллион теңге қарызымыз бар, - дейді «MKS logistics» ЖШС-нің бизнесті дамыту жөніндегі директоры Ивайло Тодоров.
Жұмысшылар мәселенің тез арада шешілетініне үмітті.
Махаббат НҰРЖАНҚЫЗЫ