Ақтауда бір топ үлескер осыдан бір жарым жыл бұрын үйге деп салған қаражатының қайда кеткенін білмей дал болып жүр, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
«Rich Aktau» деген компанияға ақша салған олар бұл күнде үй түгілі үйдің іргетасы қаланбағанын айтып отыр. Ал тұрғын үй салынуы тиіс аймақта қазір мүлде басқа компания құрылыс жүргізіп жатыр.
Үйін сатып, жиған-тергенін суырып берген халық әуелі әдемі үйдің керемет жарнамасын ғаламтордан көрген. Былтыр жазда жаңа қоныс үшін деп «Рич Ақтау» компаниясына миллиондап ақша салған үлескерлер бүгінде шарасыз күйде отыр. Компания құрылысты былтыр бастауға уәде берген. Қазір «Үстірт» тұрғын үй кешені салынуы тиіс аймақта тіпті басқа компания жұмыс істеп жатыр. Тығырыққа тірелген үлескерлер компания директорының ізін де таппай қалған.
Біздердің ақшамызды бермей жымқырып, үй де салмай отыр. Жерімізді сатып жіберген. 2019 жылдың желтоқсанында үй салынады деп айтты. Көріп отырсыз ғой 2020 жылдың желтоқсаны болды үй түгілі орны да жоқ. Кейбір адамдар үйлерін сатып ақша салған. Пәтер жалдап сенделіп жүрміз. Тығырыққа тірелдік, - дейді Алмагүл Бисалиева.
Ақтаудағы бүкіл құзыретті органға арыз жаздық. Қанша уақыт өтсе де ешқандай нәтиже жоқ. Арамызда мүгедек баласының жәрдамақысын осы үйге салған әйел де бар. Бұл компания әлі де жарнама беріп, халықты алдап жүр. Алаяқ компания осы күнге дейін халықтан алдап ақша жүр. Ал құзырлы органдар қайда қарап жүр?, - дейді Оксана Нұрхатова.
Үлескерлер полицияға да, әкімдікке де бір ай бұрын арыз жазып қойған. Алайда құзырлы орган мәселеге араласқысы келмейді дейді олар. Жиналған топ Фаиня Русланқызын іздеп кеңсесіне де барды. Алайда ол жерден тірі жан таппады. Ал «Rich Aktau» компаниясы директорының "карантин әсерінен жұмыс қиындап, жерді басқа компанияға саттым" деген уәжі бар. Компания басшысы Фаиня Валиева қазіргі уақытта шоттарының бұғатта тұрғанын айтады. Шоты ашылса, 60 миллиондай шығынын өтеуге әзір.
Ақша түспей қалды, қиын болып кетті. Құрылыс тоқтағаннан кейін біз басқа мердігер компанияға беріп тастадық. Үлескерлердің ақшаларын жартылай беріп бастадық. Құрылысымыз тоқтап қалғаннан кейін олардың ақшасын бере алмай қалдық, - дейді «Rich Aktau» компаниясының директоры Фаиня Валиева.
Ал үлескерлер компания басшысының бірде бір сөзіне сенгісі келмейді. Полиция алаяқтыққа тұсау салса деген тілек білдіреді.
Махаббат НҰРЖАНҚЫЗЫ