Мұнайлылық кәсіпкердің жылыжайдағы егіні жаз бойы су көрмей, қурап қалған. Жергілікті әкімдік ауыз су құбырын жауып тастаған. Ал кәсіпкер болса бір тамшы суға зар болып отыр.
Талғат Сүлейменов осыдан 8 жыл бұрын өз кәсібін бастаған. Ол жылыжайдан бөлек ашық егістікке де көкөніс пен жемістер егіпті. Алайда кәсіпкердің 40 гектар егін алқабы сусыз қалған. Шіліңгір шілдеде суды көлікпен тасып, егінді құтқарудың амалын жасағанымен соңғы уақытта біраз жемісі қураған.
Су мәселе болып тұр. Соңғы 2 жылда қанша егін қурады. Су жетпегендіктен 7 гектар ағаштың 1 гектарын, біраз өсімдікті қуратып алдық. Су беруді тоқтатамыз деп көктемде ескертсе егістікті азайтатын едік, - дейді жылыжай иесі Талғат Сүлейменов.
Тықыр таяғанда кәсіпкер құдық та қазып көрген. Бірақ жоспары сәтсіз аяқталыпты. Айтуынша, 70 метр тереңдіктен кейін құрылғының шамасы жетпеген.
Егін шаруашылығына субсидия қарастырылмаған. Сол мәселеге де Үкімет құлақ асса екен, - дейді Талғат Сүлейменов.
Ал Мұнайлы ауданының әкімі суды онсыз да аудан халқына жеткізе алмай отқанын және жылыжайға су көлемін бөлмейтінін ашық айтып отыр.
Баянды ауылының жанында құйылыстың суы бар, суды содан алсын. Біздің су халыққа арналған, егістікке емес. Каспий су тұщыту зауытының көлемі 40 мыңға дейін көбейеді. Баянды ауылының аумағында құйылыстың суын тұщыту бойынша модернизация жүреді. Халықтан артылса береміз, - деді аудан әкімі Рахат Елтизаров.
Су тұщыту зауытын модернизациялау келер жылға жоспарланған. Оған дейін «МАЭК-Қазатомөндіріс» кәсіпорнының жартылай тұщытылған суын алып тазарту үшін 10 млн теңгенің қондырғысы қажет. Оған шаруаның шамасы жоқ.
Өңірге көкөніс пен жемістің 80 пайызы импорт арқылы келетінін айта өткен жөн. Осы тұста импорттан гөрі өңір шаруаларына қолдау аса қажет.
Махаббат НҰРЖАНҚЫЗЫ.