Сай-Өтес ауылындағы орта мектептің биология пәні мұғалімі Саясат Кемалова гүлдерден әтір дайындауды қолға алды, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Оның айтуынша, қазіргі таңда мектеп жылыжайының негізгі өнімі – гүл. Сондықтан жылыжай жетекшісі ретінде гүлдерден дәрілік, косметикалық өнімдерді шығаруды көздеп отыр. Негізгі мақсаты – мектеп оқушыларын өз кәсібін ашуға баулу, кәсіпкерлікті дамыту. Табиғат жанашыры ретінде сыйға тартылған раушан гүлдерге қайта өмір сыйлау.
«Раушан гүл заттай элементтер мен витаминдерге өте бай. Раушан майы арқылы дәрілік және косметология мен парфюмерияға арналған шикізат жасайды. Сол арқылы дәмдеуіштер мен хош иіс таратушы қызмет атқарады. Осы ретте мектеп жылыжайында үйірме оқушыларына «Қырдың хош иісі» парфюмын қарапайым үй жағдайында дайындау әдіс тәсілімен бөлістім», - дейді Саясат Кемалова.
Айта кетейік, жылыжай 2007 жылы Сай-Өтес мектеп жанынан ашылған болатын. Ал мұғалім Саясат Кемалова бірнеше жылдан бері жылыжайда зертханалық жұмыстарды жүргізіп келеді. Сондай-ақ Маңғыстау өңірінің қатаң климатына бейімделмеген, ерекше тропикалық өсімдіктердің жыл өткен сайын түрлене түсуіне тәжірибелі тәлімгердің сіңірген еңбегі зор.
«Бұл жылыжайда 74 түрлі гүл бар. Ал раушан гүлдің үш түрі өседі. Оқушылардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру мақсатында көгалдандыру жұмыстарына көңіл бөлеміз. Әрбір сыныпқа жер орындары бөлінген, сондықтан олар гүл көшеттерін суарып, арам шөптерден тазартып отырады. Балалар тек қана көгалдандыруға атсалысып қана қоймай, жасыл желекті баптап күтуді үйреніп, ғылыми жұмыстармен айналысады. Мұның барлығы бала бойындағы табиғатқа деген сүйіспеншілікті арттырады. Қазіргі таңда биология және экология үйірмелері «Өтес раушандары», «Жас эколог» топтары өз жұмысын бастап кетті», - дейді С.Кемалова.
Жұлдызай ҚАЛИЕВА