Сәуір айынан бастап облыс әкімінің бастамасымен «Маңғыстауда жасалған» жобасы орындалып жатыр. Жобаның негізгі мақсаты – жергілікті тауар өндірушілерді қолдау, төлемдерін төмендету. Бұл туралы МО қоғамдық коммуникация орталығында өткен онлайн брифингте облыстық кәсіпкерлік және сауда басқармасының бөлім басшысы Әли Сәрсенов мәлімдеді, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
«Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру мәселесі облыс әкімінің қатаң бақылауында. Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету, бағаның өсуін және тауарлар жетіспеушілігін болдырмау мақсатында әкімдік қызметкерлері күн сайын әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына баға мониторингін жүргізеді. Сауда нысандары мен жергілікті өндірушілер бағаның негізсіз өсуіне жол бермеу жөніндегі 245- меморандумға қол қойды», - деді Ә.Сәрсенов.
Сондай-ақ Маңғыстау облысының тұрақтандыру қорын қалыптастыру мақсатында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын сатып алуға жергілікті бюджеттен 1 063 млн теңге бөлінген болатын.
«Қоғам тарапынан 683 млн теңге көлемінде заттай әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары сатып алынды. 14 кәсіпкерлік субъектісімен несие шарттары жасақталып 429 млн теңге көлемінде несие берілді», - деді «Каспий» әлеуметтік кәсіпкерлік коорпорациясының басшысы Абзал Меңдібаев.
Ақтау қаласы бойынша ӘКК Каспийдің 16 сауда павильоны бар. Қазіргі уақытта аталған павильондар кәсіпкерлерге байқау бойынша жалдамалы түрде берілуде. Аталған павильондарда жергілікті өндірушілердің өнімдерін сатылымға шығару жоспарланып отыр. Бұл тауарлар өзге дүкендерге қарағанда аталған павильондарда төмен бағада сатылады. Сонымен қатар кәсіпкерлер үшін павильонды жалдау бағасы төмендетілмек.