Маңғыстау ауданында шаруа қожалықтары шығындарының 80 пайызы субсидияланды.
Бұл туралы Маңғыстау ауданы әкімінің орынбасары Талғат Қылаңов мәлімдеді, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Маңғыстау ауданында жыл басынан бері 14 шаруа қожалығы күн көзінен энергия өндіретін 15 күн панелін алды және 4 шаруа қожалығы құдық қаздырды. Шаруа қожалықтары шығындарының 80%-ы субсидияланды.
«Субсидия алған шаруа қожалықтарының дені мал шаруашылығымен айналысады. Солардың ішінде Алеке Бөлтековтың «Бөлтек» шаруа қожалығы жылқы малын асылдандыру бағытында қызмет жасап, жылқы шаруашылығын дамытуға айтарлықтай үлес қосып отыр. Қазіргі таңда аталған шаруа қожалық бие сауып, қымыз өндіреді. Биыл шаруашылығын дамыту мақсатында күн понелін алды, шығынның 80% ауыл шаруашылығы басқармасы арқылы субсидияланды», - деді ол.
Сондай-ақ аудан тұрғындарының өтінішімен Нұр-Сұлтан қаласындағы «Animal stat» мекемесінен чип алынды. Жыл басынан бері 1 772 чип алынып аудандық ветеринариялық станса арқылы бірдейлендіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Түйе, сиыр мен ұсақ жандықты сырғалау жұмыстары жоспарға сәйкес орындалды.
«Қазіргі таңда мал азығын дайындау науқаны басталды. Әзірге 4 бригада шөп шабу үшін уақытша өтеусіз жер пайдалану құқығын алды. Сонымен қатар ауданымызға Ақтөбе облысынан 33 тонна мал азығы әкелінді. Шөптің ақпары тұрақты қадағаланып отыр. Аудан аумағында 10 жылыжай бар», - деді Т.Қылаңов.
Қазір «Aktau BS строй» ЖШС Шетпе ауылынан көлемі 1 га болатын жылыжай құрылысын бастады. Құрылыс жұмыстары жалғасуда. Сондай-ақ Онды ауылынан көлемі 2000 га болатын жылыжай құрылысына тас түсіріліп қойды. Биыл 37 шаруа қожалығы 250 га алқапқа егін екті.