Бүгін облыс әкімі Серікбай Трұмовтың қатысуымен өңірдегі эпидемиологиялық ахуалға қатысты жиын өтті, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Жиын барысында облыс әкімінің орынбасары Қаныбек Жұмашев 59 медицина қызметкері, жұмыссыздар арасынан 153 адам, 14 мемлекеттік қызметкер және Ішкі істер департаментінің 9 маманы КВИ жұқтырғанын айтты.
Осы күнге дейін індеттен қайтыс болғандар саны 39 болса, емделгендер 1588-ге жетті. Бүгінде облыс бойынша инфекциялық стационарларда 152 адам, провизорлық стационарда 755 ем алып жатыр. 1235 адам үйінде оқшауланған, - деді Қаныбек Бекболатұлы.
Оның мәлімдеуінше кешегі тәулікте 69 адам провизорлық стационарға түсіп, 99 емделіп шыққан.
Өңір басшысы жедел штаб мүшелерінің жасаған баяндамасын тыңдап, оларға бірқатар тапсырма берді. Әсіресе, дәрі-дәрмек қорының толық қамтылуын тапсырды.
Штаб жиынында облыс әкімінің берген тапсырмасына сәйкес жағалау мен жағажайларда жүруге толық тыйым салынуы мүмкін.
Халық карантин ережесінің қатаңдатылуына ренжімегені дұрыс. Өйткені бұл шараларды біз олардың денсаулығы үшін қолданып жатырмыз, - деді аймақ басшысы Серікбай Өтелгенұлы.
Махаббат НҰРЖАНҚЫЗЫ
Суреттерді түсірген Талант ҚҰСАЙЫН.