Бүгін облыс әкімдігінің 30 қызметтік көлігі Ақтау қаласындағы емханаларға берілді, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Енді пандемия кезінде мобильдік топтағы учаскелік дәрігерлер тұрғындардың шақыртуына осы көліктермен барады.
«Облыс әкімдігінің қызметтік көліктері аймақ басшысының тапсырмасына сәйкес беріліп отыр. 30 көлік Ақтаудағы 2 емханаға және жеке медициналық клиникалардағы науқастар санына қарай бөлінді. Егер алдағы үш күнде медициналық көліктер өңірге жететін болса, онда дәрігерлерді 100 пайыз қамтамасыз етеміз», - дейді Маңғыстау облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Ержан Күмісқалиев.
Айтуынша, облыстық әкімдік көліктерді дезинфекциялауды, жанар-жағармай құюды, көлік жүргізушілерін жеке қорғаныш құралдарымен қамту және т.б. шығындарды өз мойнына алды.
Еске сала кетейік, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев телевизиялық үндеуінде мобильді топтардың саны 3,5 мыңға дейін арттыру керек деген болатын. Соған сәйкес өңірде мобильді топтар құрылып, өз жұмысын бастады.
Жұлдызай ҚАЛИЕВА
Сурет автордан