Биыл көктемгі әскерге шақыру басталғаннан бері Маңғыстау облысынан Ұлттық ұланға 270 адам және ҰҚК Шекара қызметіне 33 адам жіберілді. Ақтау гарнизонының баспасөз қызметінің хабарлайынша, 2020 жылдың көктемінде Маңғыстау облысының қорғаныс істері жөніндегі департаментінде 600-ден астам азаматты әскерге шақыру жоспарланған болатын.
Бұл шақырудың ерекшеліктерінің бірі — оны өткізу мерзімі. Осылайша, Қазақстан Республикасы Президентінің 2020 жылғы 30 сәуірдегі Жарлығымен азаматтарды мерзімді әскери қызметке шақыру мерзімі ағымдағы жылдың маусым айынан тамыз айына дейін ұзартылды. Бұған себеп—елде енгізілген төтенше жағдай кезеңінде әскерге шақыру және медициналық комиссиялар жұмысының тоқтатылғаны.
«Маңғыстау облысында мерзімді әскери қызметке шақыруды іріктеу үшін медициналық комиссия биыл 1 маусым айынан бастап жұмыс істей бастады», - дейді Ақтау гарнизонының баспасөз қызметінің бастығы капитан Нұрбол Шалабаев.
Бұл ретте әскерге шақырылушылар мен Қарулы Күштерді жасақтауға тартылған лауазымды тұлғалар арасында вирустық инфекцияның әкелінуі мен таралуының алдын алу, алдын алу шараларын күшейту мақсатында жинау (шақыру) пункттеріне кіру кезінде медициналық сүзгілер орналасқан. Жинау (шақыру) пункттерінің аумағында күн сайын дезинфекциялық шаралар жүргізіледі. Жас толықтырудың салтанатты жөнелтімдері жоқ қазір. Облыстық медициналық комиссия құрамына инфекционист-дәрігерлер енгізілді. Сонымен қатар жас толықтыру мен әскери бөлімдерге шақырылғаннан және келгеннен кейін COVID-19-дан ПТР зерттеу әдісімен зертханалық тексеруден өткізіп, оларды екі апталық карантинге оқшаулау. Карантин кезінде медициналық тексеру және жас толықтыруды әлеуметтік-психологиялық зерттеу, алғашқы әскери дайындық жүргізіледі.
Ал Маңғыстау облысының қорғаныс істері жөніндегі департаментінің бастығы полковник М.Тастанов шақырудың негізгі міндеті әскерлерді дені сау және моральдық жағынан дайындалған жастарды жасақтау болып табылатындығын атап өтті.
Сондай-ақ әскерге шақыру компанияларының құқықтық негізін Ақтау гарнизонының әскери прокуроры әділет полковнигі Р.Ходжаев түсіндірді.
«Кейінге қалдыру отбасы жағдайларына, білім алуды жалғастыру үшін, денсаулық жағдайына және басқа да себептер бойынша беріледі», - деді ол.
Ал әскери қызметке шақырудан босату туралы айтайын.
1. Бейбіт уақытта әскери қызметке шақырудан азаматтар босатылады:
1) денсаулық жағдайы бойынша әскери қызметке жарамсыз деп танылғандар;
2) жиырма жеті жасқа толғанда мерзімді әскери қызметке заңды негіздерде шақырылмаған;
3) әскери қызмет өткеру кезеңінде туыстарының бірі (әкесі, анасы, аға-інісі немесе апа-қарындасы) қаза тапқан, қайтыс болған немесе қызметтік міндеттерін атқару кезінде бірінші немесе екінші топтағы мүгедек болған жағдайларда;
4) басқа мемлекетте әскери (баламалы) қызмет өткерген;
4-1) "Қазақстан Республикасының арнаулы мемлекеттік органдары туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 51-бабының 9-тармағында көзделген жағдайларды қоспағанда, Қазақстан Республикасының арнаулы мемлекеттік органдарында қызмет өткерген;
5) ғылыми дәрежесі бар;
6) тіркелген діни бірлестіктердің діни қызметшілері.
Баспасөз қызметі жеткізген мәлімет бойынша, 50 жас сарбазбен жинақталған бірінші команда Қорғаныс министрлігінің Қарулы Күштерінің Жамбыл облысындағы оқу орталығына жарты жылдық оқуға жіберілді. Онда әскерге шақырылушылар әскери техниканың механик-жүргізушілері, артиллериялық қару командирлері мен нысанашылары, инженерлік қамтамасыз ету және байланыс мамандары мамандықтарын игереді.
Валентина ҚОЗЫБАҚОВА