Халыққа қызмет көрсету орталықтары шектеу шаралары енгізілгеннен кейін де санитарлық және дезинфекциялық талаптарды сақтай отырып, өз жұмысын жалғастырады, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
ХҚО жабылады деген жалған ақпарат таралған болатын. Осы ретте қызмет алуға жүгінген азаматтардың саны күрт өсті.
Қолайсыз эпидемиологиялық жағдайды ескере отырып, халыққа қызмет көрсету орталықтарында қорғаныс шаралары қабылданып, фронт-офис ғимараттарында азаматтардың жиналуын болдырмауға бағытталған жұмыстар қолға алынды.
Бүгінде облыс орталықтарының, республикалық маңызы бар қалалардың және кейбір аудан ХҚО-ларында қызметтерді тек алдын ала брон жасау арқылы ғана алады. Мұны egov.kz порталы, eGovKzBot2.0 телеграм-ботының көмегімен немесе 1414 қысқа нөміріне қоңырау шалу арқылы жасайды.
Халыққа қызмет көрсету орталықтарында электронды үкімет порталында қолжетімсіз, тек «қағаз» қызметтер (100-ден астам қызмет) көрсетіледі.
Мұның бәрі азаматтардың көптеп жиналуын болдырмауға және вирус жұқтыру қаупін азайтуға бағытталған.
«Тұрғындарды ХҚО-ға барудан бас тартуға және балама әдістерді қолдана отырып, қызметтерді онлайн алуға кеңес береміз. Яғни egov.kz порталын, eGovMobile мобильді қосымшасын немесе eGovKzBot2.0 телеграм-ботын қолдануға шақырамыз», - дейді ХҚО-ның баспасөз қызметі.