Маңғыстау, Алматы, Түркістан мен Қызылорда облысының аумағына барлығы 4 160 жек-дуадақты жіберілді. Бұл туралы Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің баспасөз хатшысы Сәкен Ділдахмет Facebook парақшасында жазды, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Аталған жұмыстар Жек-дуадақты қорғау халықаралық қорымен бірлесіп атқарылған. Жек-дуадақтың 3 236-ы Біріккен Араб Әмірліктерінің, ал 924-і Қазақстанның тәлімбақтарында (Түркістан облысы) өсірілген.
Жалпы 2009-2019 жылдар аралығында Қазақстанның табиғатына 20 489 жек-дуадақ жіберілген. Практикалық бақылауға қарағанда олардың тең жартысы тіршілікке бейімделген.
Айта кетейік, жек-дуадақтар 2009 жылдан бері қазақ даласына жіберіліп келеді. Азия популяциясының құстары осындағы жағдайға бейімделіп, күзде ұшып кетеді. Жылы жақтан оралғаннан кейін көктемде қайтып келіп, осында балапандайды. Құстың бұл түрі Қазақстанның Қызыл кітабына енген.