Өткен жылдың күз айында журналист, сатирик, ақын, жазушы Әзірбайжан Қонарбаевтың «Күлкі базар» атты бір томдық жинағына Қазақстан Жазушылар одағы сатира кеңесінің төрағасы, республикалық «Ара» журналының бас редакторы, сатирик Көпен Әмірбек:
«Алаяққа ашасың қазір майдан,
Шығып жатыр шым-шым боп әзіл қайдан?
Ассамблея секілді ағатай-ау,
Ұлтың қазақ, ал атың – Әзірбайжан.
Азаматсың шуақты Әзағасың,
Жақсылықтың бәріне мәз ағасың.
Өзіңменен сөйлессек азын аулақ,
«Химчисткадан» шыққандай тазарасың.
Қаламыңа қыл-қыбыр шөп түспесін,
Тізгін тартпай шалқисың текті іс көшін.
Ал Әзеке осынау келіп қалған,
Құтты болсын қайырлы жетпіс бесің! – деп шынайы жүрек лебізін арнаған екен. Шынында да Әзекең есімі – тек маңғыстаулықтарға ғана емес, республика көлеміне белгілі сатирик, жазушы, журналист.
Ол өз өмір жолы туралы сыр тартып сұраған шақта: «Мен сын-сықақ жанрына шығармаларымды 1959 жылы он бес жасымда мектеп қабырғасында жүрген шағымда бастадым. Сол жылы Маңғыстау аудандық «Еңбек туы» (қазіргі «Жаңа өмір») газетінде алғашқы «Бір қарындасқа», «Көбік ауыз Ырысты» сықақ өлеңдерім жарияланды. «Бір қарындасқа» деген өлеңім сол кезеңдегі ауырдың үстімен, жеңілдің астымен жүретіндер, қыз-келіншектер туралы болса, екінші сықақты бала тәрбиесіне немқұрайлы қарайтындар сын тезіне алынды. Сатира өткір ұстара сияқты. Адамның немесе қоғамның мінін, кемшілігін көрсетіп, жақсы хирург сияқты оны дереу сылып алып тастау керек. Алайда организмге зиян келтірмей, арам ісікті сылып тастау үшін хирург пышақты қалай пайдаланса сатиралық құралды да солай жақсы пайдалану керек. Бұл тұста шеберлік, ізденіс қажет. Сонымен мен 60 жылдан астам уақыт бойы сатира менің «жан жолдасым» болып алған пендемін», – дейді.
Әзекеңнің сатиралық шығармалары «Жұлдыз», «Қазақ әдебиеті», «Жас алаш», «Парасат» тағы да басқа республикалық баспасөз беттерінде ондаған жылдар бойы үзбей жарияланып келеді. «Әрбір әзіл-сықақта юморсыз сатира болмайды. Ең өткір, ең ызалы сатираның өзінде кекесін әзілдің нышаны болуға тиіс. Әйтпесе ол сатира болудан қалады» дейді. Әзекең оның «Жайма базар», «Ойбай ғана құдай-ай», «Түрлі-түрлі Тәнтанай» атты сатира кітаптары оқырман қауымын ыстық ықыласқа бөледі.
Бұл кітаптардағы өлеңдермен қатар, сықақ әңгімелер, фельетондары, скетч, қағытпа этюдтер, қандауырша қан шығара «емдеп» жүрген оның қырағы жанары, көлеңкедегіні де шалып қалатын «шымшымалары да» көңіл аударады. Қысқасы Әзекеңнің қаламынан туған жолдар – жәй сайқымазақ емес, өмірдің өзекті қозғаған әлеуметтік маңызды мәселелерін, ұнамсыз шындықтың кермек дәмін беретін дүниелер. Сондықтан оқырман оларды оқып отырып күледі, күліп отырып ойланады, өзіне, төңірегіне сын көзбен қарай бастайды. Олар қоғамымызға сонысымен де қымбат.
«Түрлі-түрлі – Тәнтанай» кітабына жазған алғы сөзінде сатирик қаламгер Ғаббас Қабышұлы: «Демек, Әзеке екі құлағына ортақ етіп айтайын. Маған әзіл-сықақ әлемін бір аралатқан мына қолжазбаңа баспадан ішкі шырайына орай сырты да шырайлы боп шыға келсе, оқыған жанды «Қанша уақытым босқа кетті деп» ойлантпайтын оңды кітап болары сөзсіз». Қазақ сатирасының батагөй ақсақалдарының сөзі тура келгендей-ақ болды. Сатиралық кітаптың мәні терең оқырман ойынан шықты деуге де болады.
Әзірбайжан аға – республикалық ата газет «Егемен Қазақстан» газетінің «Сөз сойыл» әзіл-сықақ отауының Балғабек Қыдырбекұлы атындағы байқауының жеңімпазы.
Ол – қарымды журналист. Қазақтың С.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің (казіргі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті) журналистика факультетін бітірген. Бұл күндері университеттегі ұстаздары Темірбек Қожакеев, Мырзабек Жолдасбеков, Хайыржан Бекқожин тағы басқа ұстаздарын құрметпен еске алады. Бір кезде қазақ сатирасының үлкен зерттеушісі Темірбек Қожакеев: «Сен, ең алдымен, сықақтан нан жейсің деп әзілдейтінді».
Әзаға 45 жыл бойы Маңғыстау аудандық «Жаңа өмір» газетінде елеулі еңбек етті. Алғашында корректорлықтан бастап газет редакторының орынбасары қызметтерін тапжылмай, табан аудармастан абыройлы атқарды. Газеттің «қайтпас, қайсар қара нары» атанды. Бүкіл Маңғыстау өңірін жатқа біледі. Талай жақсы жайсаңдармен сырлас, дәмдес болды. Қарапайым еңбек адамдары туралы, ел шежіресі туралы қалам тербеді.
Кезінде жас журналистерді қанатының астына алып, тәрбиеледі. Әрі журналист, әрі сатира жанашыры болған Қ.Демеубергенов, Б.Байекеев,Т.Атшыбаев секілді абыройлы, талантты әріптестерімен де істес болғаны бар. Әзағаны біз өте қарапайым, біреудің сыртынан сөз айтып көрмеген ақпейілдігімен жақсы танимыз.
Ол сан алуан тақырыпта фельетон, өткір сын мақалалар да жазумен шұғылданды. Айдай айқын ақиқатты тереңдей жазды. Сондықтан да болар ол туралы ешкім де «әттеген-ай мүлт кеткен екен» деп реніш білдірген емес. Ол сүйкей салды арыз жазғыштар туралы талай рет фельетон жазды. Ол астамшылдық пен күншілдік, жерлестік, арампиғылдарға да атүсті қараған емес. Әрдайым әділдік жеңіп шығып отырды.
Әзекең шығармашылық еңбек жолында сан алуан тақырыпта 72 кітап жазып шығарды. Түрлі мамандық иелері жөнінде ой толғады. Мәселен, қырық жыл бойы басшылық қызметті абыройлы атқарған мемлекет қайраткері Төлеген Қағазов туралы эссе кітабы, Маңғыстаудың белгілі ақыны өмірден өткен Түмен Балтабасұлы, қазіргі кезде жасы тоқсанға келіп отырған ақсақал, атақты жылқышы, атымтай Жомарт Есмырза Жанбыршин, атақты халық емшісі, марқұм Тұқымбай Түйебаев, «Саназар әулие» тағы да басқа тарихи, шежірелік кітаптарды жазып, үлкен еңбекқорлық танытты.
Әзекең жасы ұлғайғанына қарамастан казіргі кезде де қолынан қаламы босаңсыған жоқ. Әңгімелер жинағын, жаңа сатиралық шығармаларын жазу үстінде.
Оның ақ адал еңбегі ескерусіз қалып жатқан жоқ. ҚР мәдениет және ақпарат, қоғамдық келісім министрлігінің құрмет грамотасын, «Казахстанская правда», «Спорт», «Ақ босаға» газеттерінің арнайы сыйлықтарымен, Елбасының екі мәрте алғыс хатымен, облыс, аудан әкімдерінің құрмет грамоталарымен, дипломдарымен марапатталды. Әзекең «Маңғыстау ауданының құрметті азаматы» деген атаққа да ие.
Әзекеңнің ұлы Аллаберген де әке жолын ұстанып, ақындығымен танылып келеді. Оның «Жүрегім жырым Маңғыстау» атты жыр жинағы, «Қазақстандық патриотизм: жастар және қоғам» атты публицистикалық кітабы, «Мәшһүр Жүсіп» атты монографиялық кітаптары жарық көрді. Немересі Ататүрік Аллабергенұлының да өлеңдері республикалық «Ұлан» балалар газетіне жиі жарияланып келеді.
«Менің мақсатым – тәуелсіздігіміздің жарқын идеяларының жаршысы бола беру, азамат деген ардақты атаққа лайықты болу», – дейді жетпістің желкенінен озып бара жатқан қарымды қаламгер, өткір тілді сатира жауынгері Әзаға!
Айсұлу ДУТБАЕВА,
«Маңғыстау-Медиа» ЖШС бас директоры