Соңғы кезде баспасөз саласының болашағы туралы қоғамда орын ала бастаған пікірдің бірі таяу болашақта газет өндірісі өз жұмысын тоқтатады, қағаз бетінде жарық көріп жатқан басылымдар электрондық сайтқа ауысады, газет-журналдың орнын әлеуметтік желі, интернет басады дегенге саяды. Шындығында да соңғы уақыттардағы ақпараттық танымдық техниканың қарқын алуы ересен. Үлкен-кішінің қолынан түспейтін бүгінгі күннің қолданыстағы басты құралдарының ең маңыздысына айналған ұялы телефонның заманауи технологияның озық жаңалығы екені рас. Сөйте тұра қағаздың күні өтті деу ұшқары пікір деп ойлаймыз.
Адамзат тарихына көз жіберсек, әр заманның өз жаңалығы болатынын, оның адамзат өміріне, қалыптасқан салт-санасына өзгеріс әкелетінін түсінеміз. Дегенмен теңгешіктің екі беті болатыны секілді, кез-келген (тұрмыстық) жаңалықтың да екі жағы немесе пайда-зияны бірдей болады. Оған дәлелді деректерді көптеп келтіруге болады, бірақ біз негізгі тақырыбымыздан ауытқымау үшін қағаз басылымның өміршеңдігі туралы, оны өміршең ететін мамандық иелері туралы ойымызға оралайық.
Бүгінгі заманда ақпараттар ағыны өзен суындай жойқын жылдамдықпен жүйткіп ағуда. Бүгінгідей уақытпен қатар қадам басып, алға қарыштап бара жатқан жаһандану заманындағы бұл үрдісті өмірдің өз даму тәртібінен туындаған заңдылық деп қарастыруға әбден болады. Сондай шапшаң даму үстіндегі қоғамда электронды сайттардан тараған жаңалық арнадан аса үдей тасып, қағаз басылымдар баспалардан шығып жер-жерді күзгі жапырақтай үсті-үстіне басып жатқан шақта журналист деген мамандықтың да қадірі артып, мәртебесі асып тұруы керек-ақ еді, бірақ... Осы біраққа келгенде сөздің соңы жауабы жоқ сұраққа тіреледі.
Кешегі Кеңестер заманында «төртінші билік» атанған журналистика саласының, атап айтсақ қазақ журналистикасының бүгінде бәсі кем, орны төмен болуы қалай? Замана желі құбыла соққан тұста рухани қажеттіліктердің орын алмасуының әсерінен бе екен, бүгінгі тойқұмар қазақ қоғамында әулекі әнші мен жаттанды асабаның абыройы артып, желі оңынан тұрып, қалтасы қалыңдап тұрса, жазарманның күйі күннен-күнге нашарлап, жағдайы сын көтермейтін шаққа жетті. Оның себебі жазудың жан азабын аз да болса сейілтетін қаламақы мәселесі республика бойынша шешімін таппай, жазушылардың инемен құдық қазғандай азапты еңбегі өз дәрежесінде бағаланбай, журналистердің баспа бетін көрген мақалаларының бәсі өтелмей келеді.
Бұрынғы сол кеңес заманында мектеп қабырғасында жүріп жазған 40-50 жол хабар-ошарымыз ойдай ақша болып, кішігірім мақаламызға төленген ондаған сом поштамен мекен-жайымызға күн құрғатпай келіп тұратын. Сондай гонорар-пұлына көлік мінген журналистер де болыпты. Бүгіндері соның бәрі көзден бұл-бұл ұшып, қаламгер қауым гонорар дегеннің өзі түгіл атын да ұмытуға айналды. Ал өз дәрежесінде бағаланбаған нәрсенің қашанда қадірі жоқ. Содан соң сөздің қадірі қашқан, екі ауыз сөзін жұптап айта білетін асабаның абыройы асқан заманға тап болмағанда қайтеміз?
«Жігіттер, ойын арзан, күлкі қымбат, Екі түрлі нәрсе ғой, сыр мен сымбат» деп Абай атамыз айтпақшы, бүгіндері сөз сүрініп, рух жығылған, сезім құлазып, сөз тыңдайтын құлаққа мақта тығылған бір керенау кезге душар болдық. Арзан ойын-сауық, мән-мағынасыз ән-думанның, қарын қамының қамауында қалған қазақ оқырмандарының қайта қағаз судырлатып, кітап парақтар күні туар ма екен?
Республикалық ірілі-ұсақты басылымдар бетінде, өңірлік қоғамдық-саяси газеттерде ұлттық рухани құндылықтар аз насихатталып жатқан жоқ. Қазақ деген ғажайып ұлттың мұң-мұқтажын айтатын да сол ат төбеліндей журналшы қауым. Сондықтан қалам иелерін, сөз ұстаған жазушы, журналистердің қоғамдағы мәртебесін биіктетіп, орнын белгілеп, еңбегін бағалау жолдары басшылар тарапынан ескерусіз қалмауға тиіс.
Қоғамдағы ұлт тәрбиешісі міндетін атқарып жүрген ұстаздар қауымы соңғы кездері жергілікті биліктің қолжаулығына айналып бара жатқанын көрген мемлекет басшылары мұғалімнің мәртебесін биіктетуді қолға алып отыр және бұл өте қуанарлық жағдай. Ендігі кезек жазарман қауымдікі болуға тиіс! Жазушы, журналистердің қаламақысын қалпына келтіріп, еңбегін бағалаудың уақыты жетті. Әрбір баспа бетінде жарық көрген туынды өзінің тиісті бағасын алуы керек!
Соңғы кезде журналистердің жазу сапасы, сөз қолданысы – жиі сөз болып жүрген тақырыптың бірі. Қаламның қадірін білетін, сөзді кие тұтқан кісі болмаса, ақысыз жазуға қатардағы қай журналист құштар бола қойсын? Қаламақысы төленсе, бәлкім бүгіндері «сөзге салғыртсып кеткен» журналистердің жазуының сапасы да түзелер ме еді? Баспасөз ісін кәсіп еткен жандардың, жалпы жазушы қауымның рухын көтерудің негізгі жолы – қаламақы! Бұл –қалам иелерінің еңбегін өтеудің ескіден келе жатқан, ертеден қалыптасқан ең төте жолы! Себебі қаламақы – жазу жұмысы үшін берілетін сый!
Мереке қарсаңында қаламақы туралы ойымызды құзырлы орындарға құлаққағыс ете отырып, өлке журналистикасының дамуына қал-қадерінше үлес қосып жүрген бүгінгі ардагер ағалар мен орта буын өкілдерін, бергенінен берері көп жас журналистерді төл мерекелерімен құттықтап, қаламдарыңыз қарымды болсын деген тілегімізді білдіреміз.
Үміт Жәлеке