24 маусым күні 97-ге қараған шағында Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген геолог-барлаушысы, КСРО жер қойнауының үздік барлаушысы, Ұлы Отан соғысының ардагері, қазақ мұнай өндірісін игеруге, өркендетуге тікелей атсалысқан және Қазақстан экономикасының дамуына зор үлес қосқан атақты геолог, ардагер-мұнайшы Қамқа Жаниярқызы Үмбеталина дүниеден озды.
Қамқа Үмбеталина 1923 жылы 5-қыркүйек күні Батыс Қазақстан облысы, Тайпақ ауданында дүниеге келген. Гурьев қаласында орта мектеп бітіріп, 1942 жылы 19 жасында майданға аттанды. Ол ұшқыштар курсынан өтіп, 1-ші Шығыс майданы, 9-шы әуе армиясында «бомбалаушы» болады. Украина, Маньчжурия мен Қиыр Шығыстағы сұрапыл шайқастарға қатысып, 1945 жылы майданнан оралған сержант қыз Гурьев қаласындағы «Қазақмұнайгазбарлау» тресінде орталық ғылыми-зерттеу лабораториясына жұмысқа орналасады. Маңғыстау мұнайын игеру басталғанда арнайы шақыртумен «Маңғышлақмұнайгазбарлау» тресіне қызметке келеді. Қамқа Үмбеталина Жетібай, Өзен, Солтүстік Бозашыдағы Қаламқас, Қаражанбас, Арман, Өлі Қолтықтағы Комсомольский, Қарақұдық, Шығыс Жетібай, Қарамандыбас, Тасболат, Доңға, Теңге кенорындарының ашылуына белсене атсалысты. Мұнай барлау саласында 45 жыл абыройлы еңбек етіп, 1990 жылы дербес зейнеткерлікке шықты.
Қамқа Үмбеталықызы майдандағы ерлігі мен бейбіт күндегі ерен еңбегі үшін екінші дәрежелі «Ұлы Отан соғысы» ордені, «Отан алдындағы ерен еңбегі үшін»,«1942-1945 жылдардағы Германия мен Жапонияны жеңгені үшін», Жуков медальдарымен наградталған. Сондай-ақ «Қазақ КСР-ының еңбек сіңірген геолог-барлаушысы», «КСРО жер қойнауын барлау үздігі» атақтарының, «Құрмет» орденінің, сондай-ақ, «Ерен еңбегі үшін» төс белгілерінің иегері.
Маңғыстау облысының әлеуметтік-экономикалық дамуына бар саналы ғұмырын арнаған марқұмның отбасы мен ағайын-тумаларына "ҚМГ Инжиниринг" ЖШС-ның ҚазмұнайгазҒЗЖИ филиалының директоры Б.А. Иманбаевтың және мекеме ұжымының атынан қайғырып көңіл айтамыз. Түбек мұнайының ардагері Қамқа Үмбеталинаның жарқын бейнесі ел-жұртының есінде мәңгі сақталады.