Қазақстан эпидемиологиялық жағдайды бағалаудың қосымша өлшемшарттарын енгізді. Бұл туралы Үкімет отырысында ҚР Денсаулық сақтау министрінің міндетін атқарушы Ләззат Ақтаева айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Осы аптаның 3 күнінде жағдай қолайсыз болып сипатталады. Осы аптаның 3 күнін өткен аптаның осындай кезеңімен салыстырғанда өсім 1,6 есе болып отыр. Бұл ретте, 15 өңірде аурудың 1,2 еседен 6 есеге дейін өскені байқалады»,- деді Л.Ақтаева.
Оның атап өтуінше, жағдайды объективті бағалау мақсатында Денсаулық сақтау министрлігі эпидемиологиялық ахуалды бағалаудың қосымша өлшемшарттарын енгізді.
«Біріншіден, эпидемиологиялық жағдайдың динамикасы назарға алынады. Бұл жерде біз бұрын пайдаланылған «өсу қарқыны» деген көрсеткіштен арыламыз. Себебі жалпы ауру жағдайларының саны белсенді ауыратын науқастардың санынан өзгеше болған жағдайда, бұл көрсеткіш эпидемияның даму қарқынын толық көлемде көрсетпейді. Біз жағдайды бағалау үшін R – репродуктивті сан көрсеткішін қолданамыз. Яғни коронавирус инфекциясына шалдыққан 1 науқас орташа есеппен ауру жұқтыратын байланыста болған адамдардың саны», - деді министр міндетін атқарушы.
Екіншіден, оның айтуынша, шектеу шаралары міндеттерінің бірі науқастар ағынына шамасы келмейтін кезде денсаулық сақтау жүйесінің шамадан тыс жүктелуіне жол бермеу болып табылады. Сондықтан екінші өлшемшарт коронавирус инфекциясымен ауыратын науқастарға арналған бос емес төсек қорының көрсеткіші саналады.
«Сондай-ақ, біз қосымша көрсеткіштерді де ескереміз. Бұл - КВИ-ден болатын өлім-жітім көрсеткішінің өсуі, ауыр және өте ауыр дәрежедегі науқастардың үлесі. Егер R көрсеткіші 1,3-тен асатын болса не ол 1,15-тен 1,3-ке дейінгі диапазонда болса, бұл ретте бос емес төсектер 70 пайыздан артық болса не бос емес төсектердің пайызы репродуктивтік санға қарамастан 90 пайыздан жоғары болса, карантиндік және шектеу шараларын күшейту қажет», - деді ол.
Ләззат Ақтаеваның айтуынша, Батыс Қазақстан, Қостанай және Маңғыстау облыстары шектеу шараларын бұрынғы көлемде қалдырылуы мүмкін. Бүгінгі күні қосымша қатаңдату шаралары барлық 16 өңірде енгізілді.