Маңғыстау облысының қоғамдық коммуникациялар орталығында ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Маңғыстау облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары Қайрат Байгебаевтың қатысуымен «Үздік ауыл әкімі» республикалық конкурсының өңірлік кезеңін ұйымдастыру тақырыбында брифинг болып өтті.
Еліміздің аумағында «Халық үніне құлақ асатын мемлекетті» қалыптастырудың өзектілігін ескере отырып және «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыру жөніндегі 2020 жылға арналған іс-шаралар жоспарының 74-тармағына сәйкес, алғаш рет «Үздік ауыл әкімі» Республикалық конкурсы 30.05.2020 жылы жарияланды.
Конкурстың мақсаты - жұмыста жоғары тәжірибелік нәтижелерге қол жеткізген, ауылдық елді мекендердің дамуына елеулі үлес қосқан үздік ауыл әкімдерін анықтау және көтермелеу.
Конкурс екі негізгі (өңірлік, республикалық) кезеңде өткізіледі. Жеңімпаздар Республикалық комиссияның шешімі бойынша анықталады.
Аталған конкурсқа мемлекеттік қызметте әкім лауазымында бір жылдан кем емес өтілі бар, сондай-ақ алынбаған әкімшілік және тәртіптік жазалары жоқ ауыл әкімдері қатыса алады.
Үміткерлер 20.06.2020ж. дейін Өңірлік комиссияға келесі құжаттары мен материалдарын жолдайды: 1) өтініш; 2) жеке куәліктің көшірмесі; 3) қызметтік тізім; 4) конкурс қатысушысының сауалнамасы; 5) 2020 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша ауылдың әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштері; 6) ауылдық аумақты дамыту бойынша таныстыру түріндегі (слайд) жобалық жұмыс, ұзақтығы 5 минуттан аспайтын (ауылды, жұмыс орнын, отбасын, қызығушылығын, хобби және т.б. қамтылған) бейнеролик.
Өңірлік комиссия құжаттарды қабылдау аяқталған күннен бастап он күнтізбелік күн ішінде ұсынылған материалдарды толтырудың дұрыстылығына, осы Әдістемелік ұсынымдармен айқындалған критерийлерге сәйкестігіне және ұсынылған құжаттардың толықтылығына тексеру жүргізеді.
Нәтижесінде үміткерлердің алынбаған әкімшілік және тәртіптік жазасы болған жағдайда, құжаттарды толық емес немесе мерзімінде тапсырмаса конкурсқа қатысуға жіберілмейді.
Өңірлік комиссия үміткерлердің сауалнамаларын бағалау және баллдық жүйе бойынша жобалық жұмыстарын алдын ала бағалау арқылы іріктеу рәсімдерін өткізуді ұйымдастырады.
Бір ауданнан ең көп балл жинаған 3-тен көп емес ауыл әкімдері конкурсқа қатысуға үміткер бола алады.
Егер үміткерлер бірдей ұпай жинаған жағдайда басымдылық күрделі жобаларды іске асырған, мемлекеттік, орыс және ағылшын тілдерін меңгерген, халыққа барынша «ашық», оған қатысты азаматтардан дәйекті арыз-шағымдар түспеген немесе ең аз түскен әкімдерге беріледі.
Бірінші кезеңдегі іріктеу 2020 жылғы 30 маусымнан кешіктірілмей жүргізіледі. Іріктеуден өткен қатысушылар 30 шілдеден кешіктірілмей Өңірлік комиссиялардан жеке әңгімелесуден өтеді.
Сонымен қатар, үміткерлер әңгімелесу алдында келесі бағалау рәсімдерінен өтеді:
1) үміткерлердің этика сақтау мәселелері бойынша әдеп жөніндегі уәкілдің сауалнамасы;
2) әкімнің халықпен кері байланыс орнатуы бойынша қызметін бағалау (жеке қабылдаулары, әлеуметтік желілердегі белсенділігі, БАҚ жарияланымдары, халықпен кездесулері, жиын т.б.), осы бағытта қандай жетістіктерге жеткені, азаматтардың мәселелері шешілуде ме және т.б.;
3) жергілікті әкім жұмысының тиімділігіне халықтың қанағаттануын өлшеу үшін елді мекен тұрғындарының арасында сауалнама немесе онлайн дауыс беру (Агенттіктің, әкімдіктің сайттарында);
4) «Үздік ауыл әкімі» атағына мен неге лайықпын» деген тақырыпта көлемі 3 беттен аспайтын эссе жазу.
Өңірлік комиссия әңгімелесу кезінде үміткерлердің сауалнамалық деректерін, эссе тақырыбының ашылуын, жеке жобалық жұмысындағы ұсыныстарының креативтілігін, мемлекеттік наградалары мен жариялымдарының, ғылыми атағы мен дәрежесінің бар-жоқтығын, спорттық және қоғамдық қызметін, мемлекеттік қызметшінің этикасын сақтау бойынша сауалнаманың, елді мекен тұрғындарының арасында жүргізілген сауалнама мен онлайн дауыс берудің қорытындысын назарға алады.
Өңірлік комиссия ағымдағы жылдың 30 шілдесінен кешіктірмей жеке әңгімелесу қорытындысы бойынша әр облыстан 1 үміткер екінші кезеңге жіберілген кандидатты анықтайды.
Конкурстың бірінші кезеңінде ұсынылған құжаттары мен Өңірлік комиссияның шешімі 2020 жылғы 15 тамызда сағат 18.30-дан кешіктірілмей Агенттікке жолданады.
Республикалық комиссия үміткерлермен ағымдағы жылдың 20 қыркүйегінен кешіктірмей әңгімелесу өткізеді (ауылдық округті дамыту, яғни 5 000 000 теңгеден аспайтын бюджеті бар ауылдық елді мекеннің әлеуметтік-экономикалық мәселесін шешу бойынша дербес жобалық жұмысын қорғауды білдіреді).
Республикалық конкурстық комиссияның алдында жеке жобалық жұмысты қорғау бетпе-бет (келу арқылы) немесе бейнебайланыс арқылы қашықтықтан жүзеге асырылады.
Сонымен қатар, баяндамаға 5 минуттан аспайтын уақыт беріледі, осы уақыт ішінде ұсынып отырған жобаның мәні мен мақсатын, сондай-ақ жүзеге асыру кезінде туындауы мүмкін мәселелерді, жүзеге асыру кезеңдерін және күтілетін нәтижесін ашып көрсету қажет.
Бағалау критерийлері – бұл жобаны таныстыру түрінің ерекшелігі, мазмұндылығы, нақты жауап беруі, көрнекі материалдардың сапасы мен шешендік шеберлігі.
Әңгімелесудің қорытындысы бойынша Республикалық комиссия 3 жеңімпазды анықтайды.
Жеңімпаздар «Қазақстан Республикасының үздік ауыл әкімі» дипломымен, сондай-ақ естелік сыйлықтармен марапатталады.
Маңғыстау облысы бойынша жалпы 45 ауылдық әкімдік болса,оның 5 бос орын, 10 әкімнің стажы жетпейді, 8 әкімнің тәртіптік жазасы бар яғни, 22 ауыл әкімінің (Өзен - 3, Маңғыстау - 4, Қарақия - 6, Мұнайлы – 1, Бейнеу - 4, Түпқараған - 3) конкурсқа қатысуға мүмкіндігі бар.
Қазіргі таңда конкурсқа қатысуға 10 ауыл әкімінен (Өзен - 2, Бейнеу - 3, Түпқараған - 3, Маңғыстау - 2) өтініштері түсті, қалған аудандардың ауыл әкімдеріне 20 маусымға дейін конкурсқа қатысуға өтініш білдіруге болады.