Әрбір әкім коронавирусқа қатысты жағдайды тұрақты жеке бақылауында ұстасын. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Индустрия, Денсаулық сақтау министрліктері жеке қорғану құралдарының отандық өндірісін ұлғайту және халық үшін қолжетімді болуын қамтамасыз ету бойынша шаралар қабылдасын. Мүдделі мемлекеттік органдармен және әкімдіктермен бірлесіп, жасанды тыныс алу аппараттары мен жеке қорғаныс құралдарының жеткілікті қорын жасауды тапсырамын, олардың мемлекеттік материалдық резервте болуын қамтамасыз етіңіздер», - деді Үкімет басшысы.
Премьер-Министр әкімдіктерге ірі кәсіпорындардың өз жұмыскерлерін жеке қорғаныс құралдарымен қамтамасыз ету мәселесін пысықтауын қатаң тапсырды.
«Ауыл шаруашылығы министрлігі профилактикалық санитарлық-ветеринарлық іс-шаралардың, оның ішінде әртүрлі инфекциялардың таралуына жол бермеу үшін вакцинация, эпизоотияға қарсы іс-шаралар жүргізілуін қатаң бақылауды қамтамасыз етсін. Денсаулық сақтау министрлігі әкімдіктермен бірлесіп, жыл сайынғы халықты иммунизациялау жоспарын орындасын және коронавирус инфекциясына қатысты қазіргі жағдайды ескере отырып, іс-қимыл алгоритмін жаңартсын. Әрбір әкім коронавирусқа қатысты жағдайды тұрақты жеке бақылауында ұстасын», - деді Асқар Мамин.