Елде Ұлттық бірыңғай тестілеу 21 маусым мен 5 шілде аралығында өтеді. Маңғыстау облысында 5 931 оқушы білім сынағына қатысады. Бұл туралы МО білім басқармасының басшысы Асқар Сейдалиев мәлімдеді, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Облыста 4 ҰБТ өткізу пункті бар, олар Ақтау, Жаңаөзен, Бейнеу, Маңғыстау аудандарында орналасқан. Шалғай ауылдарда тұратын 1034 балаға мектеп автобустарымен тасымал ұйымдастырылады
Биыл ҰБТ өткізу жұмыстары екі бағытта ұйымдастырылады. Біріншісі, пандемия кезіндегі қатысушылардың қауіпсіздігі, бұл ретте ҰБТ ға қатысушылар 5 кезеңнен тұратын дезинфекциялаудан өткізіледі. Атап айтқанда дезинфекциялық тоннельден өту, арнайы дезинфекцияланған кілемшеде аяқ киімдерін зарарсыздандыру, қолдарын арнайы сұйықтықтармен зарасыздандыру, дене қызуларын өлшеу, бір реттік масқалар қолдану.
«Бүгінде барлық ҰБТӨП-тер жергілікті бюджет есебінен аталған құрылғылармен қамтамасыз етілді. ҰБТ-ге кіргізу кезінде қатысушылар баррикадалық ленталармен бөлінген арнайы белгіленген орындарда тұрады. Отыру орындарының арасындағы 2 метр ара қашықтықты сақтау үшін қатысушылар 30 лекке бөліп кіргізіледі. Сонымен қатар 54 аудиторияда 50% толымдылықпен отырғызылады», - дейді басқарма басшысы Асқар Сейдалиев.
Екіншісі – ҰБТ нәтижелерінің ашықтығын қамтамасыз етуге бағытталады. Барлық аудиториялар орталық трансляцияға қосылатын бейнебақылау жүйелері, ұялы байланысты тұншықтырғыш құрылғылар, металл іздегіштермен толық қамтамасыз етілді.
Биыл ҰБТ өткізу қағидаларына өзгеріс пен толықтырулар енгізілді.
ҰБТ-ға қатысушы талаптарды бұзған жағдайда тестілеуге кіргізілмейді және аудиториядан шығарылады, тестілеу нәтижелері жойылады.
Адамдардың шоғырлануын болдырмау мақсатында ата-аналардың ҰБТ пункттеріне келуіне тыйым салынады. Ата-аналар ҰБТ барысын онлайн режимде Youtube каналынан қарай алады. Биыл ҰБТ уақыты 10 минутқа ұзарды, ол уақыт маскалар ауыстыру, дезинфекциялау және дене қызуын өлшеуге арналады.
Сонымен қатар ҰБТӨП-тер жедел жәрдем қызметі, төтенше жағдайлар және құқық қорғау органдары қызметкерлерімен қамтамасыз етіледі.
ҰБТ тапсырушыларға қойылатын талаптар:
ҰБТ ға қатысушылар тесілеуге кірер алдында қағиданың талаптары көрсетілген жадынамамен танысады және қол қояды.