17 тамыз бен 3 қазан аралығында «Nur Otan» партиясы праймериз өткізеді. Енді партия мүшелері ішкі іріктеуден өту арқылы алдағы мәжіліс пен мәслихаттық сайлауға қатыса алады, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Праймериз өткізу алыс аймақтағы, өңірдегі партияның мүшелеріне үлкен мүмкіндік бермек. «Қаражанбасмұнай» АҚ вице президенті Сүйіндік Алдашевтың айтуынша, праймериз елдің дамуына мүдделі, жігерлі, патриот азаматтар үшін жаңа «әлеуметтік лифт».
«Nur Otan» партиясы праймериз өткізу арқылы партия жұмыстарын қайта жандандырады. Праймериз – партияішілік таңдау. Әлемнің жетекші елдерінде бұл тәжірибе қолданысқа енген. Атап айтсақ, праймериз өткізу тәжірбиесі Еуропа, Азия мен Латын Америка елдерінде бар. Партия ішіндегі сайлау бәсекелестікті арттырып, жаңашыл азаматтардың іріктелуіне жағдай туғызады. Бұл ең алдымен партияның алыс аймақтардағы, өңірлердегі мүшелеріне мүмкіндік береді. Праймериз азаматтық қоғамның қалыптасуына, саяси ұйымдар мен халықтың жақындай түсіне ықпал етеді. Партиялардың қарқынды жұмысы ел дамуына, халық тұрмыс-тіршілігінің жақсаруына жүйелі өзгеріс енгізбек», - дейді Сүйіндік Тасеменұлы.
Ал Ақтау қалалық мәслихат депутаты, «Қазақ теңіз көлік флоты» ЖШС директоры Қуаныш Есетов партияішілік іріктеуден соң белсенді жастардың, көшбасшылардың қатары артатынына сенімді.
Еске салайық, жақында «Nur Otan» партиясының төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев праймериз өткізу туралы қаулыға қол қойған болатын.
Жұлдызай ҚАЛИЕВА