Республика бойынша жол құрылысы саласына қазынадан жыл сайын қомақты қаржы бөлінеді. «Судың да сұрауы бар» демекші, мемлекет ақшасының, яғни халықтың ақшасының мақсатты жұмсалып жатқанын қадағалау өкілетті органдардың құзырында. Тұрғындардан келіп түскен арыз-шағым негізінде жоспарлы немесе жоспардан тыс тексерулердің жүріп тұратыны бар. Экономиканың күре тамыры саналатын осы жолдарға тұрақты бақылау жүргізетін мемлекеттік мекеме бар екенін екінің бірі біле бермейді. Сондықтан сіздерге «Жол активтері ұлттық сапа орталығы» республикалық мемлекеттік кәсіпорны Маңғыстау облыстық филиалы директоры Елтай Таялиевпен жүргізген сұхбатты ұсынамыз.
Елтай Құспанұлы, жол активтері ұлттық сапа орталығының негізгі мақсат-міндеті не?
Басты мақсатымыз - республикалық және жергілікті маңыздағы жолдардың сапасын тексеру, трассаларға шығып диагностика жасау, орташа жөндеу жұмыстары құжаттарына сараптама жүргізу және бұл бағытқа жаңа технологияларды енгізу болып табылады.
Бұдан бөлек, төтенше жағдай кезінде мобилизация жасау да біздің міндетімізге кіреді. Яғни, халықаралық және республикалық маңызға ие көлік жолдарын талапқа сай дайындауға жұмылдыру шараларын жүзеге асырып қана қоймай, жол инфрақұрылымының қауіпсіздігін де бақылаймыз.
Жалпы елімізде мұндай орталықты ашу идеясы алғаш рет 2009 жылы көтерілді. Ол кезеңде ірі жол-көлігі инфрақұрылымдық жобаға қомақты қаражат бөлінген еді. Әлгі қаржыны бөлген жаһандық қаржы институты Қазақстанда аталмыш орталықты ашу туралы ұсыныс білдірді. Бұл, өз кезегінде ақшаның мақсатты жұмсалуын бақылауға алуға мүмкіндік берері даусыз.
Содан бері біршама уақыт өте келе 2019 жылы ұлттық сапа орталығы құрылды. Мамыр айында мемлекеттік тіркеуден өтті. Бас кеңсеміз Нұр-Сұлтан қаласында орналасқан. Біз секілді филиалдар барлық аймақтарда бар. Жалпы орталық ұжымының құрамында 300-ге тарта маман еңбек етеді. Маңғыстау филиалында оннан астам қызметкер бар. Яғни, былтырдан бері бізге де республикалық маңыздағы жолдардан бөлек, облыстық, аудандық және қала-ауылішілік жолдардың сапасын тексеру құқығы берілді.
Ендігі кезекте, жасалып жатқан жұмыстар жөнінде айтсаңыз. Жол сапасын тексеру былтыр басталған екен. Қандай кемшіліктер анықталды?
Тек былтырғы жылы облыс көлеміндегі республикалық маңызы бар автожолдарда 220 рет бақылау шаралары жүзеге асты. Осы орайда анықталған кемшіліктерге жеке-дара тоқталып өтсек. «Ақ жол құрылыс» атты серіктестік «Жетібай-Жаңаөзен-Кендірлі-Түркіменстан Республикасы шекарасы» бағытындағы көлік жолының 0-35 бөлігін жөндеу-күтіміне жауапты. Жол құрылысы жұмыстарының сапасын бақылау мақсатында өңірлік жол сапа орталығының қызметкерлері ол жерде 67 рет барды. Жолға төселген материалдардан 269 сынама алынып, олардың құрамы зертханалық жағдайда тексерілді. Нәтижесінде, 10 сынаманың нәтижесі талапқа сай еместігі белгілі болды. «Бейнеу-Ақжігіт-Өзбекстан шекарасы», «Ақтау-Құрық», «Жетібай - Жаңаөзен - Кендірлі - Түркіменстан Республикасы шекарасы» бағытындағы трассалардан сынамалар алынды. Айта берсек, кемшілік көп. Оларды түзету үшін жол салушы мердігер мекеме мен тапсырыс берген мемлекеттік мекемелерге (ред.жергілікті әкімдіктердің автомобиль жолдары және жолаушылар көлігі бөлімдері) қызметтік хат жіберілді.
Сұхбатымыздың басында Қазақстанда жол құрылысы саласына қазынадан жыл сайын қомақты қаржы бөлінеді деп айтылды. Сонда шамамен қанша қаражат осы салаға бағытталып келеді?
Мекемеміздің бас директоры Замир Сағыновтың мәліметінше, бір жылға жол құрылысы саласына біздің елімізде 700 млрд теңгеден астам қаржы бөлінеді екен. Бұған республикалық, жергілікті бюджеттерден бөлек қаржы институттары да қосылады.
Енді осыларды ортақ бір базаға келтіруге күш салынуда. Өз алдына дербес сандық үлгіде сервер құрылады. Электрондық жүйеқай жылдары қандай жол жөнделді, оның сапасы қандай болды деген сұрақтарға жауап табу үшін жасақталуда. Жуық арады қолданысқа беріледі деп жоспарланып отыр. Бұдан соң жыл сайын айналып бір жолды жөндеу беру машақатынан, бастысы мемлекет ақшасын оңды-солды жерге шашудан арыламыз деп үміттенеміз.
Жолдың сапасын бақылау қалай жүргізіледі?
Сырт көзге айнадай тегіс болып көрінгенімен трасса құрылысына қолданылған жол материалдарының сапасын тек зерттханалық талдаумен ғана білуге болады. Осы мақсатта біздің мамандарымыз аптасына жұмыс күндері тұрақты түрде жолдарға шығып сынамаларды алады. Асфальт жабындыны бұрғылау арқылы алынатын үлгі ғылым тілінде «керн» деп аталады.
Ақтаудағы кеңсемізде зертханамыз бар. Сол жерде алдымен бірер сағат вакуммдық қондырғыда ұстау арқылы жол материалының тығыздығы өлшенеді. Бойына су сіңіру нәтижесі де журналға жазылады. Кейін дәлелдеме ретінде бұл жазбалар трасса құрылысына жауаптыларға қызметтік хат түрінде жіберіледі.
Жылжымалы зертханамыз да бар. Автокөлік шанағына қондырылған автоматты құрылғылар жол белгілерінің дұрыс қойылуын, ара сызықтардың қалыңдығына дейін дәл өлшемдерін алуға септігін тигізеді.
Жол саласының маманы ретінде мына сұраққа қалай жауап бересіз? Неге біздің еліміздегі жолдар ұзаққа шыдамай, бүлініп жатады?
Сапасыз жол материалдарды қолданылған трассаға жөндеудің де жиі жасалатыны анық. Бұл ретте жұмсалататын қаражаттың әлгі жобаның бастапқы сомасынан да асып кетуі әбден мүмкін. Осы себепті біз құрылысы жүріп және аяқталған соң да сынамалар алу арқылы кемшілік барын көрсетеміз. Ол түзелмейінше мердігердің де тапсырыс беруші мекеменің де «соңынан қалмаймыз».
Тағы бір мәселе - жолдарда салмағы 14 тоннадан асатын жүк камаздарының жүруінде болып тұр. Қазіргі аңда 30-60 тонналық камаздар трассаларда өріп жүр. Яғни, өндірістік карьерлердің жүк көліктері жалпы халық пайдаланатын жолға шықпауы керек. Соңғы мәліметтерге сүйенсек, олардың саны Қазақстанда 80 мыңнан асады екен.
Оларды тоқтатпай жолдарды толық түзей алмаймыз. Өйткені мұндай камаздар жүрген жолдар үш жылдан әріге бармайды. Мұндай мақсаттағы машиналар тек карьердің ішімен ғана жүрулері керек. Транспорттық бақылау жүйесін де қайта қарау деп санаймыз. Ауыр жүкті көліктерге арнайы жол салу керек. Бірақ бұл қадамға әлемнің бір де бір мемлекеті барып жатқан жоқ.
Мамандарға келсек, кадр тапшылығы жоқ па?
Биыл елімізде автомобиль жолдарын салу және жөндеу жұмыстарына қазынадан 750 млрд теңге қаржы қаралды. Бұл ретте кәсіби білікті мамандарға сұраныс та жоғары деген сөз. Расын айту керек, жол саласында маман тапшы. Әсіресе барлық филиалда жол шеберлері, инженер-сметашылар, зертханашылар, жол құрылысы инженерлері, автогрейдер жүргізушілері, механизаторлар тағы басқа да мамандықтар бойынша адам жетіспейді.
Статистикалық деректерге сүйенсек, қазіргі уақытта орта есеппен үш мыңға жуық маман қажет екен. Отандық отызға тарта университет пен 50-ге тарта арнаулы орта оқу орны жол саласы бойынша мамандарды даярлайды. Олардың қатарында Ш.Есенов атындағы Каспий мемлекеттік технологиялар және инжиниринг универсиететі де бар. Яғни, жергілікті жастар алысқа бармай-ақ өзі қалаған мамандық түрін оқи алады. Бұл салаға жыл сайын бөлінетін грант саны да қомақты. Мәселен, 2019-2020 оқу жылына 9750 грант бөлініп отыр. Биылғы оқудың аяқталуына аз уақыт қалды. Түлектердің дұрыс таңдау жасап, біздің қатарымызды толықтыратыны сенеміз.
«Жол активтері ұлттық сапа орталығы» РМК бас директоры З.Сағыновтың бастамасымен биыл елімізде «1000 мектеп» науқаны басталды. Мұндағы мақсат - мектеп бітіруші түлектермен кездесу өткізіп, оларды жол мамандығына тарту.
Осы ретте барлық аймақтарда карантин басталғанға орта білім беру мекемелеріне жол инженерлері, зертханашылар мен картограф-диезист мамандары барып, бүгінгі оқушы - ертең жас мамандармен жүздесті. Жағдай тұрақталған соң, бұл жұмыстар жаңа қарқынмен жалғасады.
Маңғыстау облысында 154 мектеп болатын болса, бір айда біздің ұжым қызметкерлері 26 орта білім беру ордасына арнайы барып, 9-11 сынып оқушыларымен кездесті. Бұл жерде Ақтау қаласынан бөлек, орталыққа жақын тұрған Мұнайлы және Түпқараған аудандары да қамтылды. Танымдық кездесулерде облыс көлемінде салынып жатқан көлік жолдарының сапасын бақылау шаралары айтылып, жол құрылысы мамандықтары турасында жан-жақты түсінік берілді.
Биылғы жылдан бастап мектеп бітірушілер арасынан ең кемі 2-3 бала жол саласы мамандығын таңдайтын болса, таяу он жылдықта осы бағыттағы маман тапшылығы мәселесі түбегейлі жойылатыны сөзсіз деп ойлаймыз.