Бұл туралы Ақтау қалалық Бекет ата мешітінің баспасөз қызметі хабарлады.
Ақтау қалалық Бекет ата мешіті Алланың разылығы үшін аузын бекітіп, қасиетті айда ниет еткен 60 отбасына ауызашар таратты. Мешітте ыстық тамақ пен бауырсақ пісіріліп, тәттілер мен сусындар сатып алынды. Ауызашар қалталары Ақтаудағы 20 шағынаудан тұрғындарына жеткізілді.
⁃ "Алланың жолында не жұмсасаңдар да, Алла тағала міндетті түрде оның орнын толтырады" ("Саба" сүресі, 39 аят), дегендей, рамазанда жасалған қайырымдылық пен ізгі істердің сауабы мол. Жыл сайын мешітімізде күн сайын ауызашар дастарханы жайылып, тарауих оқылатын. Әлемді дүрбелеңге салған індеттің кесірінен, ораза айында жамағаттың мешіттегі жарқын жүздесулері болған жоқ. Бірақ, төтенше жағдай да ізгілік пен сауапты істерге кедергі бола алмайды,-дейді Ақтау қалалық Бекет ата мешітінің бас имамы Қайрат Маманбаев.
Рамазан айында Ақтау қалалық Бекет ата мешітінде бірқатар қайырымдылық шаралары ұйымдастырылды. Тұрмысы төмен отбасыларға азық-түлік таратылып, мұқтаж жандарға көмек берілді.