Бұл туралы mangystaumedia.kz Маңғыстау облысы экология департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
Маңғыстау облыстық экология департаментінің басшысы Руслан Төкенов және «Экология – адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің жетекшісі Әсет Манов қонақта болып, тікелей эфирде әлеуметтік желі қолданушылардың сұрақтарына жауап берді.
Өңірдің бас экологы Руслан Кәрімұлы өзі жетекшілік ететін ведомстваның негізгі міндеттері, аймақтың экологиялық ахуалы, қоршаған ортаны жақсарту бағытындағы жұмыстар, «Таза болса табиғат – аман болар адамзат» дәстүрлі байқауы, экологиялық білім беру мен насихаттау шаралары, Шетпе карьерлерінен қоршаған ортаға келтірілген залалы, шикізат өндіруші компаниялар тарапынан жіберілетін заң бұзушылықтар, ҚР жаңа Экологиялық кодексі, әсіресе экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы сарапшылары тұжырымдаған «ластаушы төлейді» принципі туралы және тағы басқа өзекті мәселелер төңірегінде тереңірек тоқталды.
«Қоршаған ортаны қорғау мәселесіне жан-жақты қарауымыз қажет. Себебі бұл тек экология департаментінің жұмысы деп ысырып қоюға болмайды, экологияның жақсаруына әрбір адам өзінің үлесін қосқанда ғана, нәтиже болары сөзсіз. Барлық мәселе тек айыппұл салумен шешілмейді. Ең алдымен осыны түсіну қажет. Аймақтың экологиялық ахуалын жақсарту өз қолымызда екенін ұмытпауымыз керек», - дейді Руслан Төкенов.
Ал, «Экология – адалдық алаңы» жобалық кеңесінің жетекшісі Әсет Мәлікұлы, өткен жылдың аяғында өз жұмысын бастаған «Ecojer» қазақстандық экологиялық аймақтық бастамалар қауымдастығының болашағы бар екеніне сенімді.
Мәселен, еліміздегі қоқыс полигондарында 100 млн тоннадан астам коммуналдық қалдықтар жиналған. Жыл сайын оның көлемі 4 млн тоннаға артады. Қазірдің өзінде көптеген полигондардың пайдалану мерзімі өтіп кеткен, ал қоқыстарды көму үшін жаңа жер учаскелері қажет. Бұл проблеманың шешімі бар және бұл ретте "EcoJer" қауымдастығы "EcoNetwork" компаниясымен бірлесіп қоқысты бөлек жинау мәдениетін қалыптастыруды ұсынған. Қауымдастық кеңселерінде арнайы эко-бокстар орнатылған.
«Бұл бастама қалдықтарды одан әрі өңдеу үшін сұрыптауға мүмкіндік беретінін түсінуіміз қажет. Мұндай эко-бокстарды ғимарат ішінде орнату қолға алынса деген тілегім бар, ал эко-бокстарды қалай пайдалану керектігін және қалдықтарды қалай дұрыс сұрыптау керектігін түсіну аса қиындық туғызбайды. Егер әрбір қазақстандық қоқысты сұрыптайтын болса, онда қоқыстың 10-15% ғана полигондарда қалады, ал қалғандары экологияға зиян келтірмей қайта өңделеді. Маңғыстау өңірінде осындай бастаманы қолға алғандар бар, кейбір компаниялар мен бизнес орталықтарда көрдім. Жалпы қоршаған ортаны қорғауға бағытталған шаралар біздің тарапымыздан да ұсынылатын болады. Жоспарымыз көп, кез-келген мүдделі тараптармен қоян-қолтық жұмыс жасауға дайын екенімді жеткізгім келеді», - деді Әсет Манов.
"Man`g`ystay` - adaldyq alan`y" жобалық кеңсесінің "Facebook" әлеуметтік желісіндегі аккаунтында бір сағатқа созылған тікелей эфирде қойылған барлық сұраққа тұшымды жауап берілді.