Бейнеу ауданында бүгін алты адам коронавирус инфекциясынан жазылып шықты. Бұл туралы Бейнеу ауданы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.
Бүгінгі күнге дейін ауданда бір адам коронавирустан жазылған болатын. Олардың емі толық аяқталды. Екі рет тест сынамасы алынды. Осылайша олардың саны жеті адамға жетті.
Нақтырақ айтқанда алты азамат 3 мамыр күні "Теңіз" кенорнынан келген соң, обсервациялық стационарға жатқызылды және ПТР диагностикалық зерттеу нәтижелері бойынша COVID-19 диагнозы анықталған болатын. Дәрігерлер тиісті ем-дом шараларын қолданып, емделіп шықты.
«Сынама нәтижесі теріс нәтиже көрсетті. Науқастар коронавирустен толық жазылды деген қорытынды жасалды. Азаматтар ауруханадан үйлеріне шығарылды. Індетті жеңген 4 науқас Бейнеу ауылында, 2 науқас Сыңғырлау ауылында тұрады. Олар алдағы уақытта 14 күн бойы дәрігерлер бақылауында және үй карантинінде болады», деді Бейнеу орталық аудандық ауруханасы инфекциялық стационар госпитальді эпидемиолог дәрігері Байтуған Мархабат Есенгелдіқызы.