Бұл мақаланы жазуыма 11 сынып оқушыларына тапсырма ретінде берілген дәл осы тақырыптағы эссе-шығарма себепші болды. Олардың жазған жұмыстарын оқи отырып ойландым: бұл сұраққа өзім қалай жауап берер едім?
Елімізге вирустық аурумен келген апат экономиканың барлық салаларының алдына қиын жағдайдан шығу жолдарын іздестіру мәселесін қойды. Сонымен қатар мен еңбек етіп жүрген білім саласына да. Мемлекет басшылары көптеген іс-шаралар ұйымдастырды.
Бұдан бір жыл бұрын «2 ай үйіңнен шықпай отырасың» десе, ешқайсымыз сенбес едік. Алайда адам денсаулығына қауіп төнгенде, оны ойлап жатуға уақыт болмайды екен. Күнбе күн шығып жатқан үрейлі ақпараттар баршамызды есеңгіртіп тастады. Әрбір саланың мамандары тығырықтан шығу жолдарын іздеп жатқанда, ертеңгі күні не болар екенін толық ойлануға мүмкіндік те болмады. Қазір уақыт өте келе мемлекет тарапынан жүзеге асырылған көптеген шаралардың дұрыс болғандығына көз жеткіздік. Осы орайда ұлы ойшыл Сократтың «әрбір ел өз басшысына лайық» деген дана сөзі ойға келеді. Себебі басшылық қабылдаған барлық шешімдер халқымыз тарапынан, соның ішінде біздің ұстаздарымыз тарапынан қолдау тапты. Ол ел ішінде көп айтылып жүрген мұғалім жайлы анекдоттағы «жіпті де өзіміз әкелеміз бе?» дейтін шарасыз бейшара ұстаз емес, әрдайым әліптің артын бағып, болған істен дұрыс нәтиже шығаруды ойлайтын, елдің баласына білім беріп, сол жүкті шама-шарқынша көтере білетін, өз жұмысының жауапкершілігін толығымен сезіне білетін менің барлық әріптестерімнің ойы деп түсінем.
Ендігі мәселе – басында у-шу болып түсінбей, кейіннен жарыса «өнерімізді көрсеткен» қашықтан оқыту. Алғашында оқушыға үйден оқу қызықты жаңалық болып көрінгенімен, оның да өз қиындықтары барын кейінірек сезді. Шындығына келгенде, оқушыларға қаншалықты қиын болғанын айта алмаймын, бірақ ата-ана мен мұғалімнің алдында мың сұрақ тұрды. «Қолымыздан келер ме екен» деген күдік болғаны да рас. Білім министрлігі тарапынан бірінен соң бірі қабылданып, одан қайта өзгертіліп жатқан шешімдер қашықтан оқытудың оңай іс емес екеніне көз жеткізді. Оған қоса, елімізде интернетпен қамту жүйесі толық қалыпқа түсе қоймағаны және алыс ауылдар түгілі, қалаға жақын орналасқан елді мекендердің өзінде әлі де жетілдіруге мұқтаж екені анықталды. Бір мезетте мыңдаған оқушы мен мұғалім байланысқа шыққанда, оқушы түгіл мұғалімнің өзі қай платформаны қолдану керектігін түсінбей дағдарып қалды.
Әйтеуір бұл мәселенің де оң шешімі табылып, үстімізден үлкен жүк түскендей болды. Екінші бір ойландырған жайт – еліміздегі әлеуметтік жағдайы нашар отбасылардың алдында туындаған қиындықтар. Үйінде бірнеше оқушысы бар ата-аналарға көмек қажет болды. Әлі күнге дейін бір үйде бір телефон арқылы бірнеше баласы байланысқа шығатын отбасылар бар. Бір жағынан бұл қынжылтатын мәселе, екінші жағынан осы отбасыларға көмек қолын созатын жүрегі кең азаматтарымыздың бар екені қуантты. «Біз біргеміз» акциясының басында жүрген елге танымал азаматтар қаншама адамдарға қуаныш сыйлады, біз ішімізден марқайып қалдық. Дегенмен, көңіл аудартқым келетіні – мұғалім мен оқушының білім беру-білім алу жолындағы қиындықтары мен жетістіктері. Бастапқыда әр мектеп мұғалімінің ойында «мен қаншалықты онлайн немесе қашықтан оқытуға дайынмын» деген сұрақ тұрды, кейін бұл істің де қыр-сырына қанық бола бастадық. Мұғалім үшін заманауи гаджеттердің құлағында ойнайтын балалардың алдында өз біліктілігін дәлелдейтін сын болды десем артық айтпаспын. Әріптестеріміздің бұл тұста да осал еместігін қазіргі кезде бір-біріне қуана салып жатқан видеоларынан көруге болады. Оқушылар да ұстазына, мектебіне деген сағынышы мен ыстық ықыласын видеотүсірілімдері арқылы жеткізуде. Сынып жетекшілері қай мезгілде хабарласса да, кездескен қиындықтардың шешімін бірге табуда түсіністік танытып жатқан ата-аналарға айтар алғысымыз шексіз.
Қорытынды тоқсанмен тұспа-тұс келген қашықтықтан оқыту үдерісі келесі нәрсеге толық көзімізді жеткізді – бұл қанша техника-технологияны меңгерсек те, ұстазбен бетпе-бет көрісіп, білім мен тәрбиені сол ұлы тұлғаның жанында жүріп алғанға жетпейді. Ол үшін әркім өзінің сүйікті ұстазын есіне түсірсе жетіп жатыр. Бәріміз үшін де қай саланың болсын білікті маманы болуымызға ықпал етіп, бағыт-бағдар берген ұстаздың орны ерекше. Ал балаға тәрбие мен білімді қатар беруде компьютердің ар жағынан гөрі, көзбен көріп, қолмен ұстатып үйреткенге ештеңе жетпейтіні айтпаса да түсінікті. Бұл, әрине, өткінші кезең деп білемін.
Данышпан Абай айтқан «адамның ең негізгі үш қасиетін» бойына сіңірген ұстаздар қауымының «ыстық қайраты, нұрлы ақылы, жылы жүрегінің» арқасында, елімізді әлемге танытып, талай сайыстарда туымызды желбірететін ұрпақ өсіп шығатынына сенемін. Терең білімді, ұшқыр ойлы, жүрегі мейірімге толы, өз баласынан да бұрын өзге баланың білімі мен тәрбиесін, қауіпсіздігін артық көретін ұстаздарға мына індет қамаған карантиннен аман-есен шығып, тезірек білім ордасында оқушылармен қауышуды тілеймін!
Райхан Бекниязова,
Мұнайлы ауданы
«№2 жалпы білім беру орта мектебі» КММ
Орыс тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі