Маңғыстау облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет департаментінің Antikor орталығында «Адалдық - парасаттылық бастауы» тақырыбында тікелей эфир өтті. Кезекті эфир спикері «Қазақстан РТРК» АҚ Маңғыстау облыстық филиалының директоры, Ақпараттық-ағарту штабының мүшесі Бекзат Жүсіп тікелей эфир көрермендеріне адалдық тақырыбында өз ойларын бөлісіп, парасатты қоғам қалыптастыру жайында пікірлерін ортаға салды.
«Жалпы адалдық деген ананың сүтімен, әкенің қанымен келетін адамның жеке басына тән қасиеті ғой. Өзіміз бала кезден қазақы ауылдың тәрбиесін көріп өстік. Жалпы адал ұғымы барлық нәрсеге қоса айтылады – адал дос, адал жар, тағамның адалы, адал табыс дегендей. Адалдықтың мән-маңызы әр адамның болмысына, өмірлік принциптеріне байланысты деп есептеймін. Кез келген нәрсе адалдыққа байланысты болып келеді. Мәселен, өмірге, өнерге, махаббатқа адалдық секілді асыл ұғымдарды қамтиды», - деді Бекзат Жүсіп.
Ол сондай-ақ парасатты қоғам құру үшін санаға сілкініс керектігін, осы орайда қоғамның дұрыс бағытта дамуы үшін өзгерісті әр адам өзінен бастауы қажеттігін айтып, «қоғамға пайдаң тимесе де, зиян тигізбеу керек» дегенді алға тартып, әрбір азамат ақ-адал табыспен отбасын асыраса, осындай қарапайым құндылықтар әр отбасыдан басталса, елдікке жеткізеді деген сенім білдірді.
Бекзат Жүсіп парасатты қоғам қалыптастыруда телеарнаның рөлі қашанда ерекше екенін атап өтті. «Өзім жетекшілік ететін «Маңғыстау» телеарнасы жергілікті аймақтың ерекшелігін, ортаны, жалпы көрермендерді ескеріп, ұлттық тәрбиеге, ата-бабаларымыздың дәстүрі, жыры, фольклор, қасиетті жерлерге баса мән беріп, осындай құндылықтарды насихаттаймыз. Көпке үлгі-өнеге болатын қарапайым шаруа, тігінші секілді қызмет иелерін көрсетуге күш саламыз. Одан бөлек қоғамда масылдықты жою мақсатында мүмкіндігі шектеулі бола тұра, кәсіп жасап, бір отбасын асырап отырған адамдарды, қажырлы, қайратты, өмірге мойымаған азаматтарды үлгі етіп көрсеткіміз келеді. Осындай дүниелерді шамамыздың келгенінше көрсетіп жатырмыз, бағасын беріп, таразылайтын көрермен», - деді «Маңғыстау» телеарнасының басшысы Б.Жүсіп.
Сондай-ақ тікелей эфир барысында телеарна басшысы әлеуметтік желілерден келген сауалдарға да жауап берді.