Парламент Мәжілісінің төрағасы Нұрлан Нығматулин ойын бизнесін реттеуді күшейтуге қатысты пікір білдірді.
Бүгін палатаның жалпы отырыста «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ойын бизнесі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды.
Осы заң жобасы бойынша депутаттар көптеген маңызды түзетулер енгізді.
«Шын мәнінде, игромания ауруға жататын нәрсе. Оған үйренген адам оны өз күшімен жеңе алмайды. Сондықтан, депутаттар жаңа норма енгізіп отыр. Ол бойынша игроманияға берілген азаматты одан шығару үшін туысқандары сотқа бере алады. Бұл қажетті және тиімді норма деп есептеймін», - деді Н. Нығматулин.
Бұл тұрғыда Мәжіліс төрағасы саладағы нормалар, халықаралық тәжірибеге сай келтірілгенін атап өтті.
«Елімізде бизнестің осы түрі жабылмайды, оны реттеу тетіктері ескерілген. Сәйкесінше, халықаралық нормаларға сай келтіріліп отыр. Кейбір елдерде осы қызметтерге мүлдем тыйым салынған. Екіншіден, ставкаларды есепке алу орталығын құру нәтижесінде салықты әкімшілендірудің тиісті қадамдары есебінен бюджет кірістері төмендемейді. Атап айтқанда, салық органдары тарапынан нақты бақылау шаралары ескерілген», - деді Нұрлан Нығматулин.
Тағы бір атап өтетін жағдай, заң жобасында осы сала қызметін реттеудің жаңа тәсілдері ұсынылған. Мәжіліс төрағасының айтуынша, жаңа заң экономикалық тұрғыдан да, моральдық-психологиялық жағынан да ойын бизнесі саласындағы бақылауды күшейтеді.
Жалпы, құжат ойын бизнесі саласындағы заңнаманы жетілдіруге және бәс тігуге қатысушылардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауды күшейтуге, сондай-ақ букмекерлік кеңселер мен тотализаторлардың қызметін бақылаудың тиімділігін арттыруға бағытталған.