Сенек ауылында коронавирус ауруымен ауырғандардың ең жоғары өсімі тіркелді. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Маңғыстау облысының бас санитарлық дәрігері Ерғали Сыдыманов айтты.
Қарақия ауданына қарасты Сенек ауылында он күннің ішінде 23 жағдай анықталып отыр. Індет алдымен көп адамды жиып, ас берген үйден шыққан. Кейіннен сол жиында болған біраз адамға жұққаны белгілі болды. Ауылда карантин ережесін сақтауды қамтамасыз етпегені үшін облыс әкімінің шешімімен ауыл әкімі жұмысынан шеттетілді. Ал аудан әкіміне сөгіс жарияланды.
Қазір ауылға кіреберіс тұсқа блок-бекеттер қойылып, күзет күшейтілді. Коронавирус көп тараған аудандар арасында Бейнеу мен Қарақия көш бастап тұр. Қазір бұл қос ауданда карантин режимі күшейтілген. Отбасылық жиын жасауға қатаң тыйым салынған.
Айта кетейік, бүгінге дейін өңірде барлығы 130 адамнан коронавирус инфекциясы анықталды:
Ақтауда – 29;
Жаңаөзенде – 23;
Маңғыстау ауданында – 7;
Мұнайлы ауданында – 4;
Қарақия ауданы – 30;
Бейнеу ауданы – 37;
Жазылып шыққаны – 19;
Қайтыс болған – 1.