Әлем бойынша пандемия жарияланғаннан бастап ең ауыр күш медицина қызметкелеріне түсті. Ал елде төтенше жағдай жарияланып, өңірде карантин режимі енгізілгеннен бері аймақ тұрғындарының денсаулығы үшін медбикелер блок-бекеттерде кезекшілікпен қызмет етіп келеді.
Наурыз айының басында Қызылтөбе-2 тұрғын массивіндегі дәрігерлік амбулаториясының медбикесі Нұргүл Оразова өз еркімен сұранып, коронавирустың алдын алу үшін блок бекетке барған. Ол Қарақия ауданының жолынан өткен барлық тұрғынды бақылайды. Медицина саласында 2007 жылдан бері қызмет етіп келе жатқан Нұргүл өз мамандығын мақтан тұтады. "Медицина төзімділікті қажет етеді" дейді ол.
Қиын кезеңде ел игілігі үшін сапқа тұрған медбикелердің еңбегі ерен. Бұл жағдайда жұрт медбикелерге құрметпен қарап, қадірлеуді үйренгендей.
Мұнайлы ауданының медбикесі Айбану Энесбаева Баянды ауылының тас жолындағы блок-бекетте коронавирус инфекциясымен күресті. Жолаушылардың температурасын өлшеп, өзін жайсыз сезінген жолаушыларға кезекті шараларды атқаруға жауапкершілік алған. "Әртүрлі адам кездесті, барлығының тілін табу оңай болмады" дейді осы салада 7 жылдық еңбек өтілі бар Айбану. Ол қиын кезде халыққа қолдау көрсетіп, үлес қосқанына қуанышты.
Айта кетейік, бүгін халықаралық медбикелер күні. Осыған орай, облыс әкімі медбикелерді төл мерекесімен құттықтады. Бүгінгі халықаралық медбикелер күнінде мамандарға коронавирус індетімен күресте де табандылық танытқаны үшін алғыс білдіреміз!
Махаббат НҰРЖАНҚЫЗЫ