Жетпіс бес жыл біткелі алапаттың,
Жаза алмауда адамзат жарақатты.
Бүгінгі жеңіс күні еске аламын,
Ерлігін мәңгі өшпес аталардың.
***
Біз солардың жалғасымыз мәңгілік,
Батырлығын айтамыз біз ән қылып.
Өшпес даңққа бөленуде бөрілер,
Отан үшін жастай кеткен жан беріп.
***
Ер Бауыржан, Төлеген мен Мәліктер,
Ұрпағына жауынгерлік рух берер.
Әлия, Мәншүк, Хиуаздардың ерлігі
Қыздарына қазағымның нәр берер.
***
Қасым, Әди, Әзілхандар кешегі
Қаламынан жазған сөзі өшпейді.
Нұркен, Талғат сұңқарларым көктегі
Жұлдыздарың мәңгі сіздің өшпейді.
***
Асқар, Мәди, Сабалақтай ерлерім,
Жұртың үшін қас дұшпанға кектендің.
Нұрмағамбет, Сұлтан атам от кеуде
Ер қазақтың абыройын өрлеттің.
***
Арайлауда азаттықтың ақ таңы,
Ата жолы – ұрпағының мақтаны.
Жеңіс күнін думандатып қарсы алам,
Себебі мен – майдангердің ұрпағы.
***
Тойла елім, мақтан қылып ерлерді,
Тәлім қылу біздерге көп берері.
Майдан жолы – тағзым берер бағдарым,
Мәңгілікке кеткен қазақ ерлері.
***
Тойла елім, енді соғыс болмасын,
Арам ойлы тұқымымен оңбасын.
Қызғалдақтай құлпыра бер, ұлы Алаш
Қазақ мәңгі көктей берсін, солмасын.
***
Бес ауыз сөз арнап жаздым бұл күнге,
Ізетім бұл үлкенге де, кішіге.
Қарт солдаттың немересі едім мен,
Мың бір тағзым атам берген Жеңіске!
Рахат Шамиянов