Бұл туралы облыстық қоғамдық коммуникация орталығында өткен брифингте Маңғыстау облысы ішкі саясат басқармасының басшысы Ержан Күмісқалиев мәлімдеді.
ҚР Премьер-Министрі төрағалығымен өткен ҚР Президенті жанындағы төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі Мемлекеттік комиссия отырысының қорытындысына сәйкес және әкімдіктер мен Денсаулық сақтау министрлігінің ұсыныстарына байланысты Маңғыстау облысында 4 мамыр күнінен бастап жұмыстарын жандандыратын келесідей кәсіпкерлік нысандарының тізімі жасақталды.
Сағат 09:00 – 18:00 аралығында жұмыс істейтін мекемелер:
- құқықтық қызмет көрсететін компаниялар, адвокат және нотариус кеңселері;
- сақтандыру компаниялары;
- ақпараттық-коммуникациялық технология компаниялары;
- фотосалондар, гүл дүкендері;
- жиһаз дүкендері (тек жеткізу қызметі арқылы);
- газбаллонды жабдықтарды (ГБО) жөндеу қызметі (алдын ала жазылу бойынша);
- көлік жуу (алдын ала жазылу бойынша);
- көлік салондары;
- ауданы 500 шаршы метрге дейінгі азық-түлік емес дүкендер(сағат 17:00-ге дейін);
Сонымен бірге,
- ұялы телефон жөндеу қызметі (бөлек тұрған немесе көшеге бөлек шығатын есігі бар болуы тиіс);
- тігін шеберханалары (ателье)(бөлек тұрған немесе көшеге бөлек шығатын есігі бар болуы тиіс);
- «Дина» гипермаркеті мен «Анвар» супермаркетінің жұмыс уақыты қалыпты деңгейге ауыстырылады, яғни толық режимде жұмысын жасайды;
Сонымен қатар, сағат 10:00 – 12:00 және 17:00 – 20:00 аралығында аулада спорттық сабақтар мен жаттығулар өткізуге рұқсат етіледі.
«Жағдайға байланысты карантин талаптарын жеңілдету жұмыстары алдағы уақыттарда да жалғасатын болады. Ал, басқа жағдайлардағы шектеулер мен жасалған жеңілдіктер өзгеріссіз қалдырылады». – деді облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Ержан Күмісқалиев.
Жоғарыда аталған кәсіпкерлік нысандарына арнайы рұқсат қағаздарын алудың қажеті жоқ. Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің мамандары бұл нысандарға қауіпсіздік шараларын сақтау жөнінде нұсқаулықтар тарататын болады. Кәсіпкерлік нысандар нұсқаулық талаптарын орындауға міндетті және бұл бағытта үнемі мониторинг жұмыстары жүргізілетін болады. Орындамаған жағдайда заңға сәйкес шаралар қабылданатындығын ескертемін.
Бұл өзгерістердің барлығы Жаңаөзен қаласы мен Маңғыстау ауданына және Қарақия ауданының Сенек, Құланды, Бостан ауылдарына қатысы жоқ.