Маңғыстау облысы көпбейінді балалар ауруханасының дәрігерлері туа біткен патологиясы бар екі нәрестеге күрделі ота жасады. Қазір олардың денсаулығы бірқалыпты. Бұл туралы Маңғыстау облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі мәлімдеді, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Балалар ауруханасы хирургия бөлімшесінің меңгерушісі Сұлтанбек Тұмашевтың айтуынша, жан сақтау бөліміне түскен қос сәбидің кешенді ем алуы үшін барлық жағдай жасалды.
Дәрігерлер 4 айлық сәбиде іштен туған жарық көкеті пайда болғанын анықтаған. Бұл өз кезегінде тыныс жеткіліксіздігіне әкеліп соққан, соның нәтижесінде жағдайы күрт нашарлаған.
«Шын мәнісінде бұл өте ауыр патология және мұндай жағдайда көбіне отаны кейінге қалдыруға тура келіп жатады, яғни жаңа туған бала ең болмағанда үш жасқа шығуы тиіс. Бұл диагнозбен баланың жағдайы күн өткен сайын нашарлай түседі және күтпеген жерден, әсіресе түнгі уақытта қайғылы оқиға болуы да ғажап емес.Операцияны бастамас бұрын тораскопияға жүгінгенді жөн санады. Себебі бұл – ота жасаудың ең тиімді жолы. Барлығы ойдағыдай өткен соң кішкентай сәби біздің ауруханада 30 күннен астам болды, жағдайы жақсарған соң үйіне жібердік», - дейді Сұлтанбек Тұмашев.
Екінші нәресте Маңғыстау ауданы Шетпе ауылынан санитарлық авиацияның көмегімен облыстық балалар ауруханасына келген.
«Бүлдіршінде көкет кемістігі бар екендігін анықтадық. Жұқа және қалың ішек өкпеге өтіп кеткен, ал жүрегі болса оң жақ бетке жылжыған. Ота кезінде ішекті толығымен төменгі жаққа түсірдік. Туа біткен ішек патологияның болуына байланысты араға үш күн салып сәбиге қайта ота жасауға тура келді. Анасының айтуынша, жүкті кезінде ол үш рет ультрадыбыстық зерттеуге барған, десе де мамандар патологияны анықтай алмаған. Ота сәтті өткен соң бүлдіршін ауруханада 20 күн ем алды. Қазір оның денсаулығына алаңдамауға болады», - деді өз сөзінде Сұлтанбек Тұмашев.