Төтенше жағдай жарияланған алғашқы күннен бастап Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент, Ақтау, Ақтөбе, Атырау, Қарағанды, Қызылорда мен Тараз қалаларында орналасқан құрылыс нысандары мен оларға қарасты аумақты Қарулы Күштері биологиялық қорғаныс бөлімшелерінің әскери қызметшілері арнайы залалсыздандыру жұмысын жүргізуде, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты ҚР Қорғаныс министрлігіне сілтеме жасап.
Нұр-Сұлтан қаласында дезинфекциялау жұмысы қалай жүргізіліп жатқандығы туралы қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев тексерді. Әңгімелесу барысында ол әскери қызметшілердің Қазақстан азаматтарының денсаулығы мен амандығын сақтауда атқаратын жұмыстары маңызды және ауқымды екендігін атап өтті.
«Әскерилердің ерекшеліктері – бейбіт кезде істері көрінбей, қиын кезеңде көмекке келеді», – деді Нұрлан Ермекбаев сапта түзелген сарбаздар мен сержанттарға өз назарын аударып. Елімізде қажетті шаралар жасалып, инфекцияға қатысты жағдай бақылауға алынған, бірақ біраз жинақталып, ұстамдылық таныту қажет. «Сіздерге тек басшылықтың ғана емес, туған-туыс, дос және барлық қазақстандықтардың назары аударылып, құрмет, сенім және түсіністікпен қарауда», – деді министр.
Әскери қызметшілер өз денсаулығының қауіпсіздігіне де аса мән беру керек. Бір жауынгердің ғана сырқаты бөлімшенің ғана емес, бүкіл әскери бөлімнің жауынгерлік әзірлігіне нұқсан келтіруі мүмкін. Әскерилерге барлық санитарлық-гигиеналық нормалардың талаптары қатаң сақталып, індеттің алғашқы белгілерін білу және олар анықталған кезде басшылыққа жедел түрде баяндау жөнінде ескертілді.
Әскерилердің физикалық белсенділікті ескеріп, жеке құрамның тамақтану рационын қайта қарастырып, денсаулықты қалыпты жағдайда сақтау үшін витаминдерді беруді ұйымдастыру тапсырылды. Әскери қызметшілердің күн сайын моншаға баруы, киімдердің арнайы құралдармен тазалап, жеке гигиена құралдарымен уақытылы қамтылуы ұйымдастырылған. Жұмыс барысында әскери қызметшілердің далада көп уақыт өткізулеріне байланысты секторлар бойынша арнайы биодәретханалар мен әкімшілік ғимараттарға кіруге мүмкіндік беру мәселесі қарастырылуда.
Сондай-ақ жұмыс ерітіндісінің дайындалу әдісін сақтау және экологиялық зақым келтіруді жою тапсырылды. Дезинфекциялауға жататын нысандар мен аумақтарды толықтай өңдеу ескертілді. Одан басқа құралдарды ауыстыру мен жөндеу жұмыстарын жүргізу мәселесі шешілуде.
Қорғаныс ведомствосының басшысы өз атынан әскери қызметшілерге алғыс айтты. Қызмет барысында ауқымды қала нысандарын дезинфекциялауға, қала маңына жақын орналасқан ауыл аймағын арнайы өңдеу жұмысына қатысқандары үшін алғыс білдірді.
Жұлдызай ҚАЛИЕВА
Суреттер ҚР Қорғаныс министрлігінің сайтынан алынды