Бұл туралы Ақтау қалалық Бекет ата мешітінің баспасөз қызметі хабарлады.
Маңғыстау облысының мешіттерінде короновирус ауруынан сақтану мақсатында сақтық шаралары қатаң қолға алынып, тазалық жұмыстары тұрақты жүргізілуде. Әлемнің жүздеген мемлекеттерінің тұрғындарына қауіп төндіріп, мыңдаған жандарды құрығына түсірген короновирустан сақтанудың жолы - тазалықты сақтап, адамдардың шоғырлануын болдырмау.
- Елімізде төтенше жағдай жарияланған күннен бастап облыстың барлық мешіттерінде сақтық шаралары бірден қолға алынды. Күніне бір рет арнайы құралдармен дезинфекция жасалып, бірнеше рет тазалап жуылады. Жұма намазы тоқтатылып, жамағаттың мешітке келуі азайған. Мешіттер тазалық жұмыстарына қажетті барлық құралдармен толық қамтамасыз етіліп отыр, - дейді ҚМДБ Маңғыстау облысының бас имамы Әнуар Елжанов.
Маңғыстау қалалары мен аудандарында 35 мешіт бар. Облыс орталығындағы- Ақтау қалалық Бекет ата мешітінде тазалық жұмыстары тұрақты жүргізілуде. Есік-терезелер арнайы химиялық жуу құралдарымен тазаланып, ғимаратта қауіпсіздік толық сақталған. Ақтау қалалық Бекет ата мешітінің бас имамы Қайрат Маманбаев әлемге қатер төндірген дертпен күресте тұрғындарды ауызбіршілік пен сабырлықты сақтауға шақырды. Мұнайлы ауданындағы "Ар-рахман" мешітінің бас имамы Зиядолла Емілдің айтуынша, мешітте тазалық жұмыстары жанданып, сақтық амалдары күшейтілген. Халық ең көп шоғырланған аудан саналатын Мұнайлыдағы орталық мешітте уақытша уағыздар тоқтатылып, жамағатпен жұмысқа шектеу қойылған. Сақтық-қауіпсіздік шаралары мен тазалық жұмыстары Жаңаөзен қаласындағы және Бейнеу, Қарақия, Маңғыстау, Түпқараған аудандарындағы барлық мешіттерде толығымен қолға алынған. Барлық қызметтердің жүргізілу барысы Маңғыстау облысының бас имамы Әнуар Елжановтың қатаң қадағалауында.