Бұл туралы Ақтау қалалық Бекет ата мешітінің баспасөз қызметі хабарлады.
Бүкіл әлемді дүрбелеңге салған короновирус ауруының алдын алу және тұрғындарды сақтандыру шаралары Ақтау қаласында да жоспарлы жүргізілуде. Көптеген мекемелер мен еріктілер бетперделер тігіп, тегін таратуда. Осындай ізгі іс Ақтау қалалық Бекет ата мешітінде облыстық әйел-қыздар секторы өкілдігінің ұйымдастыруымен қолға алынды. Сапалы матадан кәсіби түрде тігілген бетперделер Ақтау мешітінің қызметкерлерін толық қамтып отыр.
- Қайырымдылық - асыл дініміздің ең басты бағыттарының бірі. Сауапты іс жасап, қиындықта адам баласына қол ұшын созу - исламнан. Пайғамбарымыз Мұхаммед с.ғ.с. үмбеттеріне "Жақсылық жасаңдар, қайырымды болыңдар" деп өткен. Ел басына түскен сынаққа сабырлықпен қарсы тұрып, жамағат арасында ауызбіршілік пен еңбектің маңыздылығын барынша түсіндіріп жатырмыз, - дейді Ақтау қалалық Бекет ата мешітінің бас имамы Қайрат Маманбаев.
Ақтау қалалық мешітінің қызметкерлері бетперделер тігу үшін сапалы мақта мата мен медициналық зарарсыздандырылған дәкені қолданып отыр. Әйел-қыздар секторы тігілген бетперделерді облыстың басқа мешіттеріне таратуды жоспарлап отыр.