«ҚазАзот» зауыты өнімінің алғашқы жөнелтілімі алғаш рет Каспий теңізі және Әзірбайжан аумағындағы Говсан порты арқылы Грузиядағы Батуми теңіз портында ауыстырып тиеумен жүзеге асырылды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
«ҚазАзот» АҚ баспасөз қызметінің мәліметінше, алдағы уақытта жергілікті жерде өндірілген аммиак селитрасы көлік-логистикалық тізбек нәтижесінде бүкіл әлем бойынша тұтынушыларға тасымалданады.
Бұл жеткізу еліміздің көлік министрлігі мен Маңғыстау облысы әкімдігінің, Транскаспий халықаралық көлік маршрутының, «Ақтау теңіз сауда порты» ҰК» АҚ, «Қазтеңізкөлікфлоты» ҰТКҚК» ЖШС, «Касқор-Транссервис» АҚ, ADY Express, «Батуми теңіз порты» ЖШҚ қолдауымен жүзеге асырылады және компанияның экспорттық әлеуетін әртараптандыруға мүмкіндік береді.
«Биыл аммиак селитрасын 50 000 тоннадан астам көлемде Транскаспий халықаралық көлік маршруты бойынша Поти және Батуми порттарына жөнелту жоспарланып отыр. Бұл маршрутты пайдалану кәсіпорын үшін жаңа халықаралық нарықтарға аммиак селитрасын жеткізуге және қазақстандық тауардың бүкіл әлемге танылуын арттырады», - деп жазылған компания таратқан ақпаратта.