Республикалық бюджеттi атқару процесiнде кiрiсi мен шығысын тиiмдi басқару, мемлекеттiк бағдарламаларды қаржыландыруда жеделдiктi арттыру, мемлекеттiк қаржының түсуiн, мақсатты әрi үнемi пайдаланылуын бақылауды күшейту мақсатында «Қазақстан Республикасы Қаржы министрлiгiнiң Қазынашылығын құру туралы» Қазақстан Республикасы Президентiнiң 1994 жылғы 27 қаңтардағы № 1526 Жарлығымен Бас қазынашылық басқармасы құрылды.
Осы жарлық бойынша Қазынашылық органдарға:
-республикалық бюджеттiң қаржысын есептеуге, аударуға және пайдалануға байланысты ақшалай және басқа құжаттарды министрлiктерде, ведомстволарда, кәсiпорындарда, ұйымдар мен мекемелерде тексеру;
-республикалық бюджеттен бөлiнетiн және өз мақсатында пайдаланылмаған қаржыны кәсiпорындардан, ұйымдар мен мекемелерден дау-дамайсыз тәртiппен қайтарып алу;
-республикалық бюджеттiң кiрiсiне түсетiн қаржыны немесе республикалық бюджеттен алушылардың шотына тиiстi банкiлерге немесе қаржы-кредит мекемелерiне аударылатын қаржыны уақтылы есептемеген жағдайда қолданылып жүрген заңдарға сәйкес банкiлерге немесе өзге де қаржы-кредит мекемелерiне санкциялар қолдану құқығы берiлді.
Қазынашылық жүйесінің құрылуының алғашқы кездерінде Ұлттық банктің есеп айырысу кассалары бар өңірлерде аумақтық қазынашылық басқармалары құрылды. Аумақтық басқармалар бюджет қаражатының түсімдерін қадағалаумен қатар, оларды мемлекеттік мекемелердің шоттарына аударып отырды.
1995 жылы Қазынашылықпен халықаралық тәжірибеге сәйкестендірілген Қазақстан Республикасының бюджет түсімдері және шығыстарының жаңа сыныптамасы әзірленді. Сонымен қатар, қазынашылық жүйесінің функционалды бөлігі жасақталды.
1996 жылы маусым айында аударым операцияларын орталықтандырып жүзеге асыру және олардың есебін жүргізу үшін Ұлттық банктен Бірыңғай қазынашылық шоты (бұдан әрі - БҚШ) ашылды. БҚШ – қолма – қол ақшаны бақылау шоттарындағы ақша қалдықтарын қамтиды. БҚШ арқылы төлемдер жүргізу механизмдері мен бағдарламалық қамтамасыз ету дайындалды. жүйе бюджеттік қаражаттың аударылуын нақты уақыт режимінде тіркеп, оның мақсатқа сай игерілуіне бақылау жасайды.
2003 жылы Қазынашылық органдарын ORACLE бағдарламасы негізінде жасалған жаңа ақпараттық жүйеге көшіру жүзеге асырылды. Жаңа жүйе мемлекеттік бюджеттің барлық деңгейде орындалуын іс жүзінде бақылауға және қаржылық – экономикалық шешімдерді дұрыс қабылдауға мүмкіндік береді.
2008-2011 жылдары «Қазынашылық - клиент» ақпараттық жүйесі, яғни мемлекеттік мекемелермен төлем операцияларын электронды құжат айналымы арқылы жүргізу іске қосылды. Бұл ақпараттық жүйе қаржылық құжаттарды қабылдау, өңдеуге қатысты қазынашылық қызмет көрсетуді автоматтандыруға жол ашты.
Бюджеттік заңнамаларға тиісті өзгерістер мен толықтырулар енгізілгеннен кейін, 2012 жылдары квазимемлекеттік сектор субъектілеріне қазынашылық қызмет көрсетіле бастады.
«Бес институционалдық реформаны жүзеге асыру жөніндегі 100 нақты қадам» Ұлт жоспарының 98 қадамы шеңберінде селолық округ, ауыл, село, кент, аудандық маңыздағы қалалар деңгейінде жергілікті өзін – өзі басқарудың дербес бюджеті 2018 жылдан бастап халық саны 2000 адамнан асатын әкімшілік аумақтық бірліктерде, ал 2020 жылдан бастап барлық жерде мемлекеттік бюджеттің төртінші деңгейі ретінде енгізілді.
Қазынашылық органдары қаржыландыру жоспарлары мен анықтамалары, азаматтық құқықтық мәмілелерді тіркеу өтінімдері, төлеуге берілетін шоттар, төлем тапсырмалары және есептіліктерді беру сияқты барлық бизнес процесстер арқылы бюджет қаражатын игеруге өз үлесін қосады.
«Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» Қазақстан Республикасы Президентінің Қазақстан халқына Жолдауында бюджет шығыстарының тиімділігін түбегейлі арттыру міндеті айтылды. Аталған міндетті орындау және қаржы ағымдарының ашықтығын арттыру мақсатында құрылыстар бойынша мемлекеттік сатып алуларды қазынашылық сүйемелдеу жобасы да сәтті жүзеге асып – төлемдердің ашықтығы, салықтардың толық төленуі, құрылыс сапасының қадағалануы, бюджет қаражатының мақсатты жұмсалуы және қазақстандық қамтуды бақылау қамтамасыз етілді.
Құрылыс саласындағы мемлекеттік сатып алуларды қазынашылық сүйемелдеу механизмі мемлекеттік органдармен, бизнес қауымдастығымен халықаралық тәжірибені, квазимемлекеттік және банк секторындағы есепшоттарды бақылаудың қолданыстағы тетіктерін талқылауды ескере отырып әзірленген.
Көптеген сарапшылар Қазақстанда ТМД-дағы ең сапалы, заманауи талаптарға жауап беретін қазынашылықтың ақпараттық жүйесі жасалғанын мойындады. Қазынашылықты модернизациялау жобасы Халықаралық валюта қоры, халықаралық қайта құру және даму банкі, ТМД елдеріндегі жоба жетекшілері, Қытай, Словакия, Палестина, Монголия, АҚШ, Болгария елдеріндегі сарапшы мамандардан жақсы бағаға ие болды.
Енді, өзім қызмет атқарып отырған Жаңаөзен қалалық қазынашылық басқармасы туралы айтып өтейін.
1992 жылғы ақпаннан 1996 жылғы қарашаға дейін Жаңаөзен қаласында Қазақстан Республикасы Ұлттық мемлекеттік банктің Есеп-касса орталығы жұмыс істеді. 1996 жылғы қарашада Бюджеттік банктің аумақтық бөлімшесі болып құрылып, 1998 жылға дейін мемлекеттік мекемелерге кассалық қызмет көрсетті. 1998 жылы қаңтарда Жаңаөзен қалалық қазынашылық бөлімі болып құрылды. Бөлімді (2008 жылғы мамырдан бастап – басқарма) 2016 жылғы қазан айына дейін білікті маман, майталман қаржыгер Омарова Сания Тайшыбайқызы басқарды.
2016 жылғы желтоқсаннан бастап қазіргі кезге дейін басқарманы Тұрмағанбет Әмірханұлы Төселбай басқарады. Басқарманың кадрлық құрамы тәжірибелі мамандардан құралған және жоғары кәсібилік шеберлігімен қазынашылық қызмет көрсетуде лайықты орын алып, қаржы жүйесіне елеулі үлес қосуда. Қалалық қазынашылық басқармасы басшысының орынбасары болып Күлән Ошанқызы Шадылова ұзақ жылдар қызмет етті. 2010 жылдан бері басшы орынбасары лауазымында Гүлмира Ақбердіқызы Джанаева қызмет атқаруда. Бүгінгі таңда басқармада 5 қызметкер 60 мемлекеттік мекемеге кассалық қызмет көрсетеді.
Бүгінде тұтас өңірлердің тыныс-тіршілігі Қазынашылықтың аумақтық органдарының оперативті қызмет көрсетуіне тікелей тәуелді екендігі, оның қаржы жүйесінде маңызды рөл атқаратындығын дәлелдей түседі.
Биыл Қазақстан Қазынашылығының құрылғанына 30 жыл толады. Мерейтой қарсаңында осы салада қызмет атқарып жүрген барша әріптестерімді төл мерекелерімен құттықтаймын!
Тұрмағанбет ТӨСЕЛБАЙ
Жаңаөзен қалалық қазынашылық басқармасының басшысы