Маңғыстау облыстық экология департаментінің басшысы Руслан Төкенов қызметінен кетті. Бұл туралы ол әлеуметтік желіде жазба жариялады, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
«Бүгіннен бастап мен Маңғыстау облысы бойынша экология департаментінің басшысы лауазымындағы қызметімді аяқтадым. Қазақстан Республикасы экология және табиғи ресурстар министрлігі Экологиялық реттеу және бақылау комитетінің басшылығына маған білдірген жоғары сенімі үшін алғыс айтамын. Мен үшін киелі Маңғыстау түбегінде еңбек ету үлкен абырой әрі мақтаныш болды. Осы жылдар ішінде біз сіздермен бірге көп нәрсені бастан өткердік. Біз қолымыздан келгенше экология мен қоршаған ортаны қорғауға қатысты әрбір тұрғыннан түскен өтініш пен мәселені сапалы қарастырып, шешуге тырыстық. Табиғатқа деген қамқорлық, жан-жақты қолдау, түсіністік пен ықылас танытқан облыс тұрғындарына шексіз алғысымды айтамын Маңғыстау облысы әкімінің аппаратына, қоғам өкілдеріне, бұқаралық ақпарат құралдарына, үкіметтік емес ұйымдарына, барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарына, «EcoJer» өңірлік экологиялық кеңесіне және әріптестеріме шынайы алғысымды білдіремін», - деп жазды Руслан Кәрімұлы.
Руслан Төкенов 2017-2019 жылы Маңғыстау облыстық экология департаменті басшысының орынбасары, ал 2019 жылдан бері басшы қызметін атқарған болатын. Сондай-ақ, Руслан Төкеновтің Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігі қалдықтарды басқару департаменті директорының орынбасары қызметіне тағайындалғаны белгілі болды.