Бүгін, 5 сәуірде Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев Мұнайлы аудандық мәслихатының депутаттарына ҚР Президенті Әкімшілігімен келісілген әкім лауазымына кандидатты ұсынды. Аудан әкімі лауазымына Жаңа кандидат Ержан Күмісқалиев болды, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты Маңғыстау облысы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ержан Күмісқалиев М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетін "Құқықтану" мамандығы бойынша бітірген.
Еңбек жолын Жаңаөзен қаласындағы № 3 орта мектептің тарих және құқық пәнінің оқытушысы, директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары қызметінен бастады.
2008-2016 жылдары Маңғыстау облысы ішкі саясат департаментінің бас маманы, басқарма бастығы, ішкі саясат басқармасы бастығының орынбасары қызметтерін атқарды.
2016-2019 жылдары Қарақия ауданы әкімінің орынбасары қызметін атқарды.
2019 жылдан 2021 жылға дейін Маңғыстау облысының ішкі саясат басқармасының басшысы болып жұмыс істеді.
2021 жылдың 11 ақпанынан қазіргі уақытқа дейін - Маңғыстау облысы Мұнайлы ауданы әкімінің орынбасары болды.
Депутаттар облыс әкімі ұсынған кандидатты қолдады.
Аймақ басшысы Нұрлан Ноғаев Ержан Күмісқалиевке ауданның әлеуметтік - экономикалық дамуына қатысты бірқатар нақты тапсырмалар берді.