Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаевтың 2018 жылғы 3 шілдедегі Жарлығымен Дархан Кәлетаев Қазақстан Республикасының Қоғамдық даму министрі болып тағайындалды. Ол осы Жарлықпен Қазақстан Республикасының Дін істері және азаматтық қоғам министрі қызметінен босатылды. Бұл туралы akorda.kz сайты хабарлады. Дархан Аманұлы Калетаев 1972 жылғы 10 қазанда Шығыс Қазақстан облысы Тарбағатай ауданы Тұғыл кентінде дүниеге келген. Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетін, Ұлттық Жоғары Мемлекеттік басқару мектебін бітірген. Мамандығы бойынша тарихшы-оқытушы, мемлекеттік басқарудың менеджері. Саясаттану ғылымдарының докторы. «Құрмет», «Парасат» ордендерімен және мерекелік медальдармен марапатталған. Президент Әкімшілігі Басшысының орынбасары, «Нұр Отан» Халықтық-демократиялық партиясы Төрағасының бірінші орынбасары, «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ-ның басқарушы директоры қызметтерін атқарған. Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен Парламент Сенатының депутаты болған. 2018 жылғы 4 сәуірдегі Елбасы Жарлығымен Қазақстан Республикасының Дін істері және азаматтық қоғам министрі болып тағайындалған еді.